Жамбыл бөлімшесі кадрлар бөлімінің басшысы Меруерт Бейсенбекқызы балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы толық бақылауда екенін жеткізді.
– Биыл біздің теміржолшылардың балалары төрт кезең бойынша демалады. Шілденің соңғы аптасында екінші кезең легі «Тау самалы» лагеріне кетті. Олар 14 тамызға дейін демалады. Ал 4 тамызда үшінші кезең бойынша балалар Түркістан облысындағы «Машат» сауықтыру кешеніне аттанып, 6 тамызда төртінші кезеңмен балалар Алматы қаласындағы «Эдельвейс» лагерінде демалады, – дейді кадрлар басшысы.
Сондай-ақ биылғы жаз маусымында Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты теміржол мекемелері еңбеккерлерінің 230 ұл-қызы сауықтыру шараларынан өтеді. Осыған дейін 80 бала «Машат» сауықтыру кешенінде демалып келсе, 150 бала Ақмола облысы Шучинск-Бурабай курорттық зонасындағы «Лесная сказка» сауықтыру кешеніне аттанды.
– Тараз станциясынан теміржолшылардың балаларын №56 «Қызылорда-Көкшетау» бағытындағы жолаушылар пойызымен алып шықтық. Жолда Түрксіб, Шу, Сарышаған станцияларынан да балалар мінді. Бүлдіршіндер Көкшенің сұлу табиғатында он күн қызықты демалыстарын өткізетін болады, – дейді Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясының радиобайланыс электромеханигі, топ жетекшісі Ержан Ахметбеков.
Ерман Әбдиев
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"