Биыл жазда «Қазақстандық салалық темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» ҚБ төрағасы мен Мақат кенті әкімі Теміржолшылар, олардың отбасы мүшелері мен кент тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортты насихаттау мәселелері қамтылған меморандумға қол қойған болатын. Және де аталған құжат аясында Мақат кенті, Локомотив шағын ауданынан жер телімі бөлініп, ашық шағын футбол алаңын салу қарастырылған еді. Тапсырыс беруші – «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігі болса, құрылыс жұмыстарын «Атырау теміржолсу» ЖШС атқарды.
Алаңның ашылу салтанатына Мақат кентінің әкімі, «Қазкөліккәсіп» ҚБ ұйымдастырушылық жұмысы және ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің жетекшісі Нұрлан Нұрпейісов, «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС бас директорының корпоратив мәселелері жөніндегі орынбасары Досбол Кулекеев және аталған серіктестіктегі кәсіподақ төрағасы Ермек Төлегенов, Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бастығының бірінші орынбасары Самат Құлмаханов, ардагер теміржолшы Амандық Ақмурзин қатысып, теміржолшыларды құттықтады.
«Бүгін көп тілегі қабыл болған қуанышты күн. Сіздерді жаңа футбол алаңының ашылуымен құттықтаймын, игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Бұл – ҚТЖ компаниясының халықтың әлеуметтік жағдайына, денсаулығына үнемі көңіл бөлетіндігінің бір айғағы. Орталық кәсіподақ кеңесі атынан Мақат кенті әкімдігіне, мердігер мекеме «Атырау теміржолсу» мекемесіне және жергілікті теміржол кәсіподақ ұйымы өкілдеріне алғысымызды білдіреміз. Бұл – негізінен солардың бастамасымен жүзеге асырылған жоба», – деген Нұрлан Нұрпейісов құттықтау сөзінен соң «Атамекен» әнін орындап, халық ықыласына бөленді.
Салтанатты шара соңында Мақат локомотив депосы мен Мақат станциясының футбол командалары арасында жолдастық кездесу өтті.