Болатбек Базарбайұлының өмірге келген ортасы теміржолшының шаңырағы. Жалғыз ұл шойын жолды емес, мұнайды қалады. Осы арманның жетегінде жүріп, 2003 жылы мектепті бітіріп, Каспий қоғамдық университетіне оқуға түсті. 2008 жылы мұнай-газ ісі бойынша университетті бітіріп шыққан жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына оператор болып жұмысқа орналасады.
Жүсіп Баласағұн: «Ең тәтті кез – жігіттіктің шағы да, игіліктің о да берген бағы да» деп дәріптесе, ұлы Абай: «Жастықтың аты арындап, тас қияға өрледің» дейді. Болатбектің бозбалалық дәурені де, жалын атқан жігіттік шағы да қара жердің қойнынан «қара алтынды» өндірген әріптестерімен өтіп келеді.
«Мен өндіріске келгенімде 22 жаста едім. Осы жерде қалыптастым. Өзімді нағыз бақытты адаммын деп санаймын: жақсы, ынтымағы жарасқан ұжымға келдім. Сағыныш Тастығараев, Әлихан Молдамұратов, Қожанепес Кемалов, Мирамбай Қазиев, Жәнібек Айлеков сынды тәлімгерлерден көп нәрсе үйрендім. Маған айтқан кеңестері, ақылдары үшін оларға ризамын», - дейді кейіпкеріміз тебіреніп.
Болатбек жұмысына жанын салып, жүрегімен беріліп жасайтын өз кәсібіне шын ниетімен берілген маман. Оператор болып келіп, жоғары 4 кәсіби дәрежеге дейін көтерілуі – осыған дәлел. Ол қасындағы аға операторымен өздеріне тиесілі 25-ке жуық ұңғыға жауап береді. Мақсат - мұнай өндіру барысын қалыпты ұстау, кез келген күрделі жағдайға жол бермеу, алдын алу шараларымен кешіктірмеу. Еңбегі жеміссіз емес, өткен жылы республикалық байқауға қатысып, «Үздік маман-2017» марапатын қанжығасына байлады.
Лаура ЖОЛДЫБАЕВА