"Өткен жылы Әзербайжан, Қазақстан және Түркияның Сыртқы істер, Көлік министрлері Баку мен Ақтау қалаларында екі рет кездесу өткізді. Осы кездесулердің қорытындысында қабылданған жол картасы орта дәліздің, яғни «Шығыс-Батыс» транскаспий халықаралық орта дәлізінің дамуына тың серпін берді. Қазірдің өзінде аталған бағытта айтарлықтай өсім байқалады. Ол алдағы болашақта да ұлғая түсері сөзсіз", – деді Әзербайжан елшісі.
Оның айтуынша, транзиттік дәлізді дамыту мақсатында Баку халықаралық әуежайының өткізу қабілеті жылына 15 млн тоннадан 25 млн тоннаға дейін артқан. Ал Баку – Тбилиси – Карск теміржолының өткізу мүмкіншілігі 1 млн тоннадан 5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды.
Осы отырыста Әзербайжанның бұрынғы премьер-министрі Гасан Гасанов түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық үшін әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті.
"Елдерімізде бізді мемлекетаралық балама ұйымдармен стратегиялық серіктестік деңгейіне шығара алатын әлеует бар. Түркі әлемі елдері «Солтүстік-Оңтүстік», «Батыс-Шығыс» транзиттік бағыттары ретінде маңызды аумақты алып жатыр. «Түркі әлемі көзқарасы-2040» құжатында «Шығыс-Батыс» транскаспий халықаралық орта дәлізін тек қысқа ғана емес, сонымен бірге қауіпсіз әрі кедендік және транзиттік процедуралары үйлесімді, тиісті халықаралық конвенциялардың тиімді орындалуын қамтамасыз ететін табысты дәлізге айналдыру көзделген", – деді ол.
Райхан Рахметова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"