Ол өткен апта бойы өңірлерде жұмыс сапарымен жүрген дивизион басшысы және компанияның аймақтардағы өкілдерінің есептерін тыңдады.
Басқарма төрағасының ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі орынбасары Амангелді Саттаров басқаратын 4-ші дивизионның құрамына Астана қаласында, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында салынып жатқан 113 жайлы мектеп кіреді.
2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тапсырылатын 98 мектептің 42-сі осы өңірлерде салынуда. Сондықтан 4-ші дивизионға жүктелген міндет орасан. Дегенмен, шешілмеген бірқатар мәселе бар. Оқу жылы басталғанша пайдалануға берілетін мектептердің нақты тізімін анықтап, бекіту қажет.
Жиын қорытындысы бойынша Басқарма төрағасы бірқатар нақты тапсырмалар берді:
4-ші дивизионның аймақтық өкілдері мектептердің құрылыс алаңдарын жүйелі түрде аралап отыруға тиіс; жергілікті жерлерде туындаған барлық проблемалық мәселелерді тез және тиімді шешу; консорциумдар құрамындағы жобалау ұйымдарының жұмысын қатаң бақылау; 15 мамырға дейін бірінші кезеңдегі барлық жайлы мектептердің ЖСҚ мемлекеттік сараптама қорытындысын алуы тиіс; барлық нысандардың бас жоспарларын қайта қарау және бекіту; мектеп айналасына аса берік қоршау орнату мәселесін пысықтау; барлық қажетті құжаттар мен есептерді онлайн кросс-платформаға жүктеу бойынша мердігерлерге қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу; қауіп-қатерлерге толық және терең талдау жасап, олардың алдын алу бойынша ұсыныстар енгізу.
Айта кетейік, барлық жайлы мектептер өңірлер бойынша 4 дивизионға бөлінді. Әр дивизионға жауапты басшы тағайындалды. Басқарма төрағасының айтуынша, бұл басы артық бюрократиядан бас тартып, міндеттердің өзара тең бөлінуін қамтамасыз етеді.