Биыл Ақтау және Құрық порттары арқылы шамамен 8 млн тонна, оның ішінде ТХКБ бойынша – 4,2 млн тоннаны өткізу жоспарлануда.
«Экспорт және транзитпен қатар импорттық жүк ағынының 50%-ға өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде еуропалық компаниялардың Транскаспий халықаралық көлік бағытына деген қызығушылығын көрсетеді. Бұл факторға соңғы жылдары қабылданған ТХКБ дамыту бойынша кешенді шаралар ықпал етті. Биыл Қытай тарапымен екі келісім ратификацияланды, Сианьда қазақстандық терминал ашылды. Шекарадан өту кезінде кедендік рәсімдерді жеңілдету жөнінде шаралар қабылданды, Қытай тарапымен өз экспорттаушыларына субсидиялар беру пысықталды. Мемлекет басшысының Транскаспий бағытында жүктерді тасымалдау көлемін 5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 2028 жылға дейін теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары қабылданды», – деді Тілепов.
Кешенді жоспарда Ақтау портында қосымша контейнерлік терминалдық қуаттарды, Құрық портында 4 жаңа терминалды құру, теңіз порттарының акваториясын тереңдету, айлақтарды жаңғырту және қайта тиеу техникасын жаңарту көзделген. Бұдан бөлек, құжатта логистика, сабақтас салаларды дамыту, кедендік және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ ТХКБ және Солтүстік-Оңтүстік дәліздерін цифрландыру көзделген. Контейнерлерді ауыстырып тиеудің өткізу қабілетін 3 есеге арттыру; транзиттік жүк тасымалын 2 есеге ұлғайту; порттарда кемелерді өңдеу және жүктерді ресімдеу уақытын 1,5 есе азайту күтілуде.