Көлік керуенінің сапары 10 күнге созылады, ұзындығы - 4 800 шақырым. Керуен Қазақстанның 8 өңірінен өтіп, бүгін Құрық портына жетті. Бұл бағыт Қытай мен Қазақстан арасында экономикалық және сауда ынтымақтастықты одан ары дамыта түседі.
«Қытай елінен шыққан жүк - автокөлік керуені мен контейнер пойызы Ақтау мен Құрық порттарына келіп жетті. Олар Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропа елдеріне бет алады. Бұл - Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы. Керуен аттануға дайын», - деді Құрық портынан тікелей байланысқа шыққан Көлік комитетінің төрағасы Алтай Әлі.
Сонымен қатар екі елдің басшыларынан кемелердің жүзуге рұқсат беруді сұрады. Мемлекет басшылары рұқсат берді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қазақстанның Бейжің қаласында, Қытай Халық Республикасының Астана қаласында Мәдени орталықтарының және Астанада Бейжің тіл және мәдениет университеттерінің ашылуына да рұқсат берді.