К 30-летию Независимости Казахстана | 10 қазан 16:30

Translogistica Kazakhstan-2024: инновациялық жобалар мен жетістіктер алаңы

Астанада көлік және логистика индустриясына арналған Орталық Азиядағы ең ірі іс-шараның бірі –  Translogistica Kazakhstan-2024 «Көлік және логистика» 27-ші қазақстандық халықаралық көрме өз жұмысын бастады. Үш күнге жалғасатын көрме іскерлік байланыстарды нығайтудың, көлік саласындағы инновациялық шешімдерді ілгерілетудің және серіктестік қарым-қатынастарды дамытудың маңызды құралы болып табылады.  

Сонымен қатар ол еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесінде мемлекет пен бизнестің өзара әрекеттесуіне мүмкіндік беретін алаң іспеттес. Биылғы көрмеге елімізбен қатар шетелдің теңіз порттары, теміржол және Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары әкімшіліктері, логистикалық компаниялар, жүк тасымалдау үшін технологияларды әзірлеушілер мен өндірісшілер, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік билік өкілдері қатысты.  

Барлығы 19 елден келген 213 компания, соның 105-і қазақстандық, 108-і шетелдік екен. Бұл жолғы көрмеде Литва, Латвия, Эстония ұлттық стенділер орнатып, келушілерді өз жобаларымен және өнімдерін таныстыруда. Ұйымдастырушылар биылғы жылғы көрменің ерекшеліктері ретінде төрт конференцияның, сонымен қатар Expert Talks, көлік компаниялары, порттар, терминалдар басшыларының қатысуымен «Қазақстан–Нидерланды» іскерлік кеңесінің өтуін атап отыр. Сондай-ақ биыл бірінші рет 51 экспонент қатысуда.  

 

Бірінші күні көрме шеңберіндегі іскерлік бағдарлама төрт іс-шараны қамтыды. Алғашқы пленарлық отырыс «Қазақстандағы теміржол көлігі мен инфрақұрылымын дамыту» тақырыбына арналды. Конференция барысында ҚР Көлік вице-министрі, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілер одағының бас директоры Қанат Әлмағамбетов көрменің ресми ашылу салтанатына қатысып, ашық диалог форматында өткен алаңда еліміздегі теміржол көлігі мен инфрақұрылымын дамыту бағытында іске асырылып жатқан жобалар мен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы баяндады.  

Бұдан кейін конференция жұмысы «Темір жол инфрақұрылымы мен көлік тораптарын үйлесімді дамыту» және «Отандық темір жолды дамыту: трендтер мен перспективалар» сессияларына жалғасты.  

Бірінші сессияда «АМТП» ҰК» АҚ басқарма төрағасы-президенті Абай Түрікпенбаев Ақтау теңіз сауда портының қуатымен таныстырды. Ол бұл нысанның Транскаспийлік халықаралық көлік бағдарын дамытуда маңызды рөл ойнайтынын, өзінің техникалық параметрлері мен құрылған бизнес-процестері арқасында порт қазіргі заманның халықаралық стандарттарына сәйкес келетінін атап өтті. Техникалық жарақтандырылуы жүктердің кең номенклатурасын өңдеуге мүмкіндік беруде. Жыл басынан бергі сегіз айда порт арқылы тиелген жүк көлемі 3 млн тоннадан асқан. Негізгі бағыт Иран, Түркіменстан, Әзербайжан, Ресей, т.б. елдер.    

Абай Түрікпенбаев Ақтау порты базасында салынатын контейнерлік хаб құрылысы туралы жоспармен бөлісе отырып, бұл жобаға шетелдік инвестиция мен шетелдік тәжірибені тартпай іске асыру мүмкін емесін мәлімдеді. Сондықтан инвестор ретінде Қытайдың ірі порт компанияларының бірі «Ляньюньган порты компаниялар тобы» тартылып, бұл инвестициялық жоба тасымалды ортамерзімді және ұзақмерзімді жоспарлауға мүмкіндік беріп және де жүк жеткізілімі үшін тиімді жағдай жасайды екен.  

Cұлугүл Бакесова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"