Қанат Көбесов тасымалданатын жүктерді ұрлау жағдайларының алдын алу және сақтау бойынша алдын алу іс-шараларын күшейту қажеттігін атап өтті. Жол картасына теміржол жүктерін қорғау саласына цифрлық технологияларды енгізу үшін жағдай жасайтын кешенді ұйымдастыру іс-шаралары енгізілетін болады. Әсіресе, кадрларды іріктеуге, персоналды оқытуға және кәсіптік даярлауға ерекше назар аударылады. Жол картасы Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және көліктегі қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің хаттамасын орындау шеңберінде қабылданатын болады.
«Маусымның басында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нде «ҚХР – Еуропа – ҚХР бағыты бойынша контейнерлік пойыздарда жүктердің сақталуы, Достық, Алтынкөл шекаралық өткелдерінде жүкті қайта тиеу сапасы» айлығы басталды. Осылайша, Қытайдан Еуропаға бағытталған транзиттік контейнерлік пойыздардың жүру бағдары бойынша жүктердің сақталуы ерекше бақылауға алынды. Өткізу режимдері күшейтілді, рейдтер, соның ішінде кенеттен рейдтер жүргізілуде, Достық және Алтынкөл станцияларының қайта тиеу терминалдарында бейнебақылау камераларының жұмысы тексеріледі», – деді Қанат Көбесов.
Өз кезегінде, Бас көлік прокуратурасының өкілдері жүктің сақталуын қамтамасыз етуде күш-жігерді біріктіруге ниет білдірді. Еңбек міндеттерін орындау кезінде құқық бұзушылыққа жол берген қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту қажеттілігі туралы айтылды. Ол үшін ҚР Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастамалар көтерілмек. Кеңес қорытындысы бойынша осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізу ұсынылды.