Жас жолаушылар арасында «Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығармашылық байқауының жеңімпаздары мен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерінің балалары бар.
Жобаның басты мақсаты – балаларды жан-жақты дамыту, болашақ мамандықты таңдауға бағдарлау, өз халқының мәдениетіне қанықтыру және де оларды қазіргі өмірдің алуан қырына бойлату. Сонымен қатар, жоба балалардың айналаға деген қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерін зерделеуге, Отанға деген сүйіспеншілікке баулуға, патриотизмді нығайтуға бағытталған.
«Мен осы пойызда жол жүретініме, еліміздің ең бір тарихи, көрікті жерлерінде болатыныма қуаныштымын. Бізге бәрі ұнап жатыр, ұйымдастырушылар кешеден бері Астанаға саяхат жасатты. Қатарластарыма ұмытылмас сәттер, мазмұнды кездесулер тілеймін», - деп ойымен бөлісті сапар қарсаңында Семей қаласынан «Туған елге саяхат» пойызының екінші кезеңіне қатысушы Айкөркем Жанұзақова.
Бұған дейін алғашқы кезең қатысушылары 20-28 маусым күндері Астана мен Байқоңыр, Түркістан, Алматы және Бурабайда болып, ерекше көңіл-күй мен шексіз әсер иеленді.
Соңғы қорытынды тур 19-30 шілде Астана – Алматы – Түркістан – Байқоңыр – Ақтау – Астана бағдарына жоспарланып отыр.
Осылайша 10-15 жас аралығындағы 600 бала Қазақстанның көрнекті жерлеріне барып, жазғы демалысын қызықты өткізеді.
Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырылуда.