Мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын маңызды оқиғамен құттықтады. Аймақ басшысы білім алушыларға оқуда озат болуын тілеп, ұлттық жобаның маңыздылығын да атап өтті.
«Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы қуаттылығы 17800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгін оның алғашқысын ашқалы отырмыз»,– деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Мектеп барлық заман талаптарына сай салынған. Мұнда 100-ге жуық оқу кабинеті қарастырылған. Оның ішінде балаларды IT мен инженерия саласына дайындауға мүмкіндік беретін робототехника, жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңірек зерттеп, зерделеу үшін STEM-зертхана жабдықталған. Оқушылардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2 үлкен және 2 кіші спорт залы, хореография залы, кең акт залы мен үлкен асхана бар.
Бүгінде заманауи білім ошағына ауысуға мыңға жуық бала ниет білдірген. Құжаттарды қабылдау процедурасы жалғасуда. Ал, оқу процесі екінші тоқсаннан бастау алады деп күтілуде.