К 30-летию Независимости Казахстана | 25 қараша 17:50

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды

Түркістан облысы әкімдігінде өңір басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен отырыста «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды.

Жиында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаев пен оның орынбасары Асылан Өтепбергенов жобаны жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Әрбір мәселе назарға алынып, қаржыландыру, құрылыс қарқынын арттыру бағытында тиісті жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге мердігерлердің пікірлері де тыңдалды.

 «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы 29 мектептің құрылысы жоспарланған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жоспары бойынша 2024 жылы 15 мектеп, 2025 жылы 14 мектеп пайдалануға тапсырылуы тиіс. Осы орайда, құрылысқа тапсырыс беруші, мердігерлер, жергілікті әкімдіктер мен жауапты басқарма осы жобаны уақтылы жүзеге асырып, бірлесе жұмыс істеуі керек екені ескертілді.

«Облыс және аудан, қала әкімдіктері тарапынан инфрақұрылым тарту, нысан соғатын жерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Ол міндетті орындаймыз. Ал «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен мердігерлер құрылысқа тікелей жауапты. Біз бүгін бұл жерге бір-бірімізге сын айту үшін емес, жұмысты жеделдету жолын талқылау үшін жиналып отырмыз. Мердігерлер де, тапсырыс беруші де ұсыныстарын жеткізіп, жұмысты ширатуға күш салғаны дұрыс. Аудан, қала әкімдері тапсырылатын мектептердің құрылысын қатаң қадағалап, инфрақұрылым желісіне қосылуын реттеңіздер», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, Ұлттық жоба бойынша облыстық бюджеттен 4,8 млрд. теңге қаралып, мектептерге инженерлік инфрақұрылымдар тарту жұмыстары аяқталған (газ, су, электр, байланыс). 7 мектепке кірме жолдардың құрылысы бітсе, 22 мектептің кірме жолдарына ауыр техниканың жұмыстары аяқталған сон асфальт қабаттары төселеді. Қазіргі таңда өңірде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 1 мектеп тапсырылды. Қараша айында тапсырылатын 3 мектептің негізгі қаңқалары көтеріліп, шатырлары жабылып, ішкі әрлеу, абаттандыру жұмыстары 90% орындалған, құрал-жабдықтар орнату жұмыстары басталған.

 

Мәжілісте құрылысы кешіккен мектеп мердігерлеріне сын-ескертпе айтылып, тиісті міндеттер жүктелді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдеріне құрылыс қаржысы, нысанды қабылдап алуға қатысты мәселелерді шешу жөнінде тиісті ұсыныстар берілді. Аудан, қала әкімдеріне де тиісті міндеттер жүктелді.