"Samruk-Kazyna Construction" АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов "Түркістан ПГУ" ЖШС Бас директоры Асқар Құсайыновтың жобаны іске асыру барысы туралы есебін тыңдады. Қазір геодезиялық іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр және құнарлы өсімдік қабатын кесу басталды.
Болашақ электр станциясы заманауи бу-газ қондырғысымен жабдықталады, ол энергетикалық ресурстарды тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі өткізген сараптама электр станциясының құрылысы қоршаған ортаға теріс әсер етпейтінін растайды.
SK Construction басшысы бұл әлеуметтік объектілерді үздіксіз энергиямен қамтамасыз ететін маңызды жоба екенін атап өтіп, құрылысты кешіктірмей уақтылы жүргізуді тапсырды. Жаңа электр орталығы іске қосылған жағдайда, өңірдегі энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде. Құрылыс барысында екі мың жұмыс орны, ал жоба аяқталып, объект пайдалануға берілгеннен кейін үш жүзден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Осылайша, жоба жұмыс күші мен экономиканың дамуына ықпал етеді.