Оның құрылысы былтыр қыркүйек айында Samruk-Kazyna Construction-ға сенімгерлік басқаруға берілді, ал наурыз айында ашық конкурс арқылы мердігер анықталды. Тендерді отандық «Bazis Construction» ЖШС мен оңүтүстіккореялық Doosan ENTERBILITY корпорациясының консорциумы жеңді.
"Бұл Қазақстанның энергожүйесін дамытуға мүмкіндік беретін өте маңызды жоба. Жаңа электр станциясы әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды дербес және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Инвестиция сомасы 600 млрд теңгеден асады. Құрылыс барысында 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Оған жергілікті мамандар мен жұмысшылар тартылмақ. Нысан тапсырылғаннан кейін үш жүзден астам тұрақты жұмыс орны ашылады", - деді Samruk-Kazyna Construction басшысы Мәулен Айманбетов.
Осы аптада Басқарма Төрағасы бастаған Samruk-Kazyna Construction делегациясы Оңтүстік Кореяға барды. Екі күндік сапар кезінде компания өкілдері алдымен Doosan Group-тың Сеулдегі кеңсесіне ат басын бұрды, ал кейін елдің оңтүстік-шығысындағы Чханвон қаласына барды. Бұл Оңтүстік Кореядағы ең ірі өнеркәсіптік кешендердің бірі. Дәл осы қалада Samsung, LG және Hyundai сияқты алыптардың өндіріс ошақтары орналасқан. Doosan Group-тың да негізгі зауыттары Чханвонда. Мұнда энергетикалық жабдықтар, құрылыс техникасы және дизельді қозғалтқыштар жасалады. Әсіресе, Doosan Enterbility зауыты ерекше қызығушылық тудырды. Кәсіпорында газ турбинасына арналған бөлшектер 3D принтер көмегімен жасалады. Оларды басып шығару үшін металл ұнтағы қолданылады. Алып өндіріс ошағында ұзын саны сегіз 3D принтер бар. Олар әртүрлі мөлшердегі компоненттерді жасай алады. Бұл компоненттер Түркістан облысында салынатын электр станциясының құрылысында пайдаланылмақ.
Сондай-ақ, делегация Doosan Group-тың музейін аралады. Ол Сеулдегі Бунданг мұнарасында орналасқан және сегіз көрме залынан тұрады. Музей 1896 жылы құралыған корпорацияның бай тарихын сақтау үшін құрылған. Әр экспозиция компанияның даму кезеңдері туралы баяндайды. Doosan Кореядағы ең көне компания миссиясын сақтай отырып, ұлттық экономика ғана емес, бүкіл Азия аймағының дамуына үлес қосуда.
Бұған дейін 20 наурызда Doosan делегациясы Астанаға келді. Ол кезде SK Construction басшысы Doosan Heavy Construction қызметінің бас офицері Юнин Джунмен кездесті. Тараптар болашақ станцияның құрылысына қатысты мәселелерді талқылаған еді.