Түркістан станциясында үш өткел: Оңтүстік, Солтүстік және Бекзат елді мекені маңындағы өткел қауіпті болып қалып отыр. Мұнда тәулік сайын теміржол арқылы рұқсет етілмеген жерден 200 адамға дейін өтеді. Құлаққап пен капюшон киген адамдар көбінесе өмірге қауіп төндіретін қысқа жолды таңдайды. Сондықтан да мұнда теміржолшылар мен полицейлер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді.
«Біз тұрғындармен белсенді профилактикалық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, жергілікті әкімдікке және тиісті мекемелерге жаяу жүргіншілер көпірін салуды сұрап хаттар жолдадық. Нәтижесінде бізді қолдап, қазір оның құрылысы жүргізілуде», - деді Түркістан станциясының бастығы Қадыр Сырлыбеков.
Қауіпті жерлерде теміржолшылар мен полицейлер жаяу жүргіншілермен үнемі профилактикалық әңгімелер жүргізіп келеді. Оларға көліктегі қауіпсіздік ережелерін еске салып, ақпараттық парақшалар таратады және темір жолдың рұқсат етілмеген орынынан өткені үшін әкімшілік жауапкершілік туралы ескертеді. Жыл басынан бері станцияда 1362 құқық бұзушылық тіркелді.
«Азаматтарды теміржол инфрақұрылымы объектілерінде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз және жаяу жүргіншілерге бұл ережелерді бұзудың бағасы өте жоғары екенін ескертеміз», - деді Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Саяуыш Мұқашев.