Мамандардың сөзінше, қуаты аз, ескірген генераторлардың орнына СЭС-ті жаңғырту бағдарламасы аясында 2019 жылдың бірінші жартысында әрқайсысының қуаты 31,5 МВт болатын екі жаңа су агрегатының (ГА-1 (2019 жылғы 25 ақпанда) және ГА-2 (2019 жылғы 28 сәуірде) пайдалануға берілуі генерациялау жоспарын асыра орындауға мүмкіндік берді деп хабарлайды "Самұрық-Энерго" АҚ баспасөз қызметі.
"Жаңа екі гидроагрегаттың пайдалануға тапсырылуымен қатар, СЭС-тің жоспарды орындауына себеп болған басты факторлардың қатарында – станцияның негізгі және қосалқы жабдығының апатсыз жұмыс істеуі, сондай-ақ Сырдария өзенінде су көлемінің жеткілікті болуы. 2020 жылы біз Шардара СЭС-ін техникалық жаңғыртуды аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұдан кейін оның қуаты артып, Түркістан облысындағы электр энергиясын сенімді жеткізіп беруші болып қала береді", - дейді "Самұрық-Энерго" АҚ департаментінің директоры Бағлан Исенов.
2020 жылдың бірінші жартысында тағы екі гидроагрегатты құрастыру жоспарланған, осылайша Шардара СЭС-інде жаңғырту бағдарламасы аяқталады. Жобаның жалпы құны 38 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру 32%-ке меншікті қаражат есебінен, 68%-ке несие есебінен іске асырылуда. Жоба мердігері – австриялық-германиялық "Andritz Hydro GmbX" компаниясы.
Жаңғырту аяқталғаннан кейін, Шардара СЭС-інің қуаты 126 МВт-қа дейін артады. Жаңа жабдық су станциясының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұлғайтып, СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырады және апаттылық деңгейін төмендетеді. "Самұрық-Энерго" АҚ сарапшыларының сөзінше, бұл жоба энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие.