Басты мақсат – ғасыр құрылысы жайлы бұрындары айтылмаған тың деректер жинастыру, Түрксібке Тәуелсіздік тұрғысынан жаңаша баға беру, сол дәуірдегі теміржол саласының майталман мамандары жайлы тың естеліктермен бөлісу және бүгінгі таңдағы сала қызметкерлері мен кешегі ардагерлер арасындағы сабақтастық туралы тағылымды ой өрбіту болып отыр.
Жаңа жинаққа әсіресе фотосуреттер молынан жинастырылуда. Оған желі бойындағы барлық теміржолшылар бір кісідей атсалысып жатыр. Осыған дейін кәсіподақ ұйымының күш салуымен ардагерлер қауымынан көптеген суреттер мен тың фотодеректер алынған болатын. Сонымен қатар, бөлімшенің жекелеген мекемелері жайлы да тұшымды деректер қоры мол. Бұл ретте бір ғана вокзал шаруашылығы жайлы бұрын-соңды еш жерде кездеспеген архив құжаттары мен фотосуреттер табылып жатыр.
«Түрксіб тарихына көз жүгіртіп отырып көптеген қызықты мағлұматтарға кездесеміз. Мәселен, құрылыс жұмысы қолға алынған жылдары теміржолдағы ең беделді мамандық иелері жолшылар болса, нағыз элиталық мамандар қозғалысшылар болыпты. Сол тәрізді жоғары интеллектіні қажет ететін ШЧ саласына ұлты қазақ мамандардың тартылуы да өз алдына ерекше тақырып», – дейді бұл ретте НЖС-6 кадр бөлімінің басшысы Данияр Баймағұлов.
Қорыта айтсақ, Түрксіб құрылысын өз қолдарымен салған кешегі құрыш білекті аталар жолы үлгі етілетін, бүгінгі заманның жарқын жетістіктері де берілетін тың туынды оқырманға жол тартатын күн алыс емес.
Куаныш Кожаев
Дереккөз: Қазақстан теміржолшысы