«Интернет бұрын тек әкімдік пен мектепте ғана болушы еді. Қашықтан оқуға көшкен кезде, қаладан оралған студенттер оқуынан қалмасын деп кабинет жабдықтап бергенбіз. Ал қазір олар үйінде оқып жүр», – дейді Айсары ауылы әкімінің міндетін атқарушы Самал Қасенова.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында радиокөпір технологиясы арқылы 6 ауылға жылдам интернет тартылған, биыл соны тағы 9 ауылға апару көзделіп отыр.
«Қазір Айсары ауылының тұрғындарын 100% интернетке қосу мүмкіндігі бар. Қазір азаматтар үшін, әсіресе ауылдағы ағайын үшін интернеттің қаншалық орасан маңызы барын білеміз. Сондықтан компания жұрттың бәрін бірдей жылдам желімен қамтуға бар күшін жұмылдырып отыр», – дейді «Қазақтелеком» Солтүстік ӨТД бас директоры Ерсайын Дүйсемәлиев.
Бүгінгі тағда СҚО-да «АЕМ ТОБЖ» жобасы аясында 61 ауылдағы 155 мемлекеттік мекеме кең жолақты интернетпен қамтылған.