Ахметжан Есімов үш аула клубтарының бірінде болып, жоба қатысушыларымен кездесті. Қор басшысы жасөспірімдердің мектептен тыс сапалы дамуы мен тәрбие алуына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Отбасылық аула клубтары балалар мен ересектерге ағартушылық, психологиялық қызмет ұсына отырып, олардың бос уақытын қызықты өткізуге жағдай жасайды. Балалар мен жасөспірімдер үшін клубта шахмат, тіл дамыту, театр өнері, арт-терапия, хореография, авиамодельдеу, каратэ, домбыра, би, вокал, тоғызқұмалақ, робототехника, гитара, гимнастика секілді үйірмелер мен спорт секциялары тегін жұмыс істейді. Ересектерге арналған "Бақытты отбасы" ата-аналық клубында психологиялық консультациялар, сондай-ақ ата-аналар үшін балалармен қарым-қатынас орнату бойынша семинарлар өткізіледі.
Елордада барлығы 3 аула клубы жұмыс істейді. "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының атынан бес жыл бойы аула клубтары бойынша жобаны жүзеге асырып келеді. Аула клубтары ашылғаннан бері шамамен 5000 бала қатысқан. Мұндай аула клубтарының желісін тек ел астанасында ғана емес, басқа аймақтарда да дамыту жоспарланып отыр.
Айта кеткен жөн, 2019 жылдың басынан бастап "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры "Жас Самұрық" жобасын жүзеге асырып келеді. Оған Жастар жылы аясында қазақстандық жас ұрпаққа қолдау көрсету бойынша бірқатар шаралар кіреді. Жоба мұраты - жастарды біріктіру, әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға қатыстыру, шығармашылық әлеуетті дамыту, еңбек және жұмысқа орналасу саласындағы жастар ұйымдарының әлеуметтенуі мен жұмыс істеуі үшін жағдай жасау, сондай-ақ қазақстандықтардың болашақ ұрпақтарын қалыптастыру мен жан-жақты дамытудың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту.