Ол осыдан 38 жыл бұрын басталған ең алғашқы вахта ауысымын сағына еске алады. Ол кезде өндіріс жаңаша қарқын алып, жұмысшылар кен орнына ерекше құлшыныспен келген еді. «Сол жылдары Қаражанбаста бар-жоғы 500-ден астам ұңғыма болған» дейді Мият Айтбаев. Зерттеу жұмыстарына жаны құштар Мият Айтбаев шағын ғылыми зертханаға оператор болып қызметке кірісті. Содан бері үздіксіз еңбек етіп, міндетін абыроймен атқарып келеді.
Мияттың әр жұмыс күні арнайы құрылғылар арқылы жер қабаттарының қысымын, мұнай деңгейі мен қызуын тексеруден басталады. Жинаған мәліметін цех шеберіне тапсырып, ақпарат геолог мамандарға жолданады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын аға буын өкілі жас мұнайшыларға бағыт-бағдар беріп, кәделі кеңесін аямайды.
«Өндіріске келгенде білгенімізден білмейтініміз көп жалындаған жас едік. Қаражанбас – үздік мамандар ұстаханасы ғой. Бүгінде өз ісіміздің шеберіне айналдық. Кен орны да жаңа технологиялармен жабдықталып, заманға сай дамып келеді. Бұл арқылы өндіріс өрге басып, Қаражанбас қанатын кеңге жаятыны анық», – дейді Мият Айтбаев.
Алпысты алқымдаған азамат Қоғамның әлеуметтік өміріне де белсенді араласады. Оның еңбегі еленіп, бірнеше Құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталған. Артынан ерген перзенттері де әке жолын жалғап, биік белестерді бағындырып жүр. Мият Айтбаев кәсіби білікті әрі жауапкершілігі мол жұмысшылар барда Қаражанбас асу асқарларды бағындыратынына бек сенімді.