К 30-летию Независимости Казахстана | 21 қаңтар 11:22

Ұңғымаларды үнсіз ұғатын шебер

Ұңғымаларды күрделі жөндеу – мұнай өндірудегі маңызды бағыттардың бірі. Ол төзімділік пен кәсібилік, сондай-ақ мол тәжірибені талап етеді. Бұрғылау және ұңғымаларды жер асты жөндеу басқармасының жұмысшылары кез келген климаттық жағдайға қарамастан өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап келеді. Солардың арасында өмірінің 30 жылын мұнай саласына арнаған кейіпкеріміз Сәрсен Оразбаев та бар, деп жазды «Қаражанбасмұнай» АҚ баспасөз қызметі.

Ол кен орнындағы еңбек жолын қатардағы слесарь болып бастады. Қызметке енді араласқан жас маман үшін өндірісте қайнап жатқан жұмыс процесі өте қызық еді. Әр күн сайын көрген-білгенін көкейге түйіп, тәжірибе жинаған Сәрсен қазір кез келген ұңғыманың жай-күйін сөзсіз ұғып, тілсіз түсінеді. Бұл Қаражанбас ұңғымаларын күрделі жөндеу шеберіне тән басты қасиет.

Әрбір топ – ұңғымалардың зақымдалған бөліктеріне күрделі технологиялық жөндеу жүргізетін жас та жігерлі жұмысшылардан құралған. Олар ең қарапайым жөндеу үшін 12 сағат жұмсаса, күрделі жөндеулер 2 айдан 4 айға дейін созылуы мүмкін. Одан соң ұңғымалардың «жаңа тынысы» ашылып, қалыпты жұмыс тәртібіне қайта оралады.

«Өндіріс алаңында жұмыстың жеңілі жоқ. Біз әртүрлі учаскелерде, жазық далада, өндіру көлеміне тікелей әсер ететін ұңғымаларды қалпына келтіру үшін жұмыс істейміз. Сондықтан бізге үлкен үміт артылады», – дейді Сәрсен Оразбаев.

Жыл сайын кен орнында жаңа ұңғымалар іске қосылып, өндіру көлемі артып келеді. Бұл бұрғылау мен ұңғымаларға жөндеу жүргізетін жұмысшылардың кен орны дамуына дамылсыз үлес қосатынының айғағы.