К 30-летию Независимости Казахстана | 12 қазан 08:30

Үшқұдықтықтар телемедицина көмегіне қол жеткізді

Елордалық дәрігерлер «Қазақтелеком» интернетінің арқасында ауыл тұрғындарына жақындай түсті.

Ақтөбе облысы Алға ауданындағы Үшқұдық ауылы телемедицинаның игілігін пайдаланып келеді. Ақтөбеден 35 шақырым жердегі ауылға 2019 жылы «АЕМ ТОБЖ» жобасы аясында жылдамдығы жоғары интернет тартылған болатын. Шағын ауылда 1 250 адам тұрады. Олардың өмірі сапалы интернет пен байланыс келгелі түбегейлі өзгерді.

«Интернетті бала-шағамыз оқуға, өзіміз жұмысқа қолданып жүрміз. Дәрігерге қаралу жеңілдеп қалды, өйткені ұзын-сонар кезекте тұрмайтын болдық. Телемедицина арқылы дәрігерге жазыла саламыз. Әрі бейінді дәрігердің кеңесін қалаға бармай-ақ, интернет арқылы қашықтан алып жүрмін», – дейді ауыл тұрғыны Гүлім Докина.

Үшқұдық дәрігерлік амбулаториясының учаскелік дәрігері Құсман Сисеновтің айтуынша, «оптиканың» арқасында амбулаторияның жұмысы да едәуір жақсарған: дәрігер қызметі қолжетімді әрі сапалы бола түскен. Жалпы алғанда, медициналық көмек көрсету жақсырақ ұйымдастырылатын болды әрі Денсаулық сақтау министрлігінің бүкіл жүйесін қолдануға мүмкіндік туды.