- Еңбек жолымды 1984 жылы «Доссормұнайгаз» мекемесінде қатардағы электр жөндеуші-электромонтер болып бастадым. Кейін, электр торабының бастығы, инженер-энергетик, механика-энергетика бөлімінің басшысы лауазымдарын атқардым.
Әр адамның жетістікке жетуде өзіндік формуласы бар. Бірінші – еңбекқорлық. Еңбекқор адам түбінде бір нәтижеге жететіні сөзсіз. Оған белсенділікті және жауапкершілікті қоссақ болады. Сондай-ақ, халық пен қоғамға пайдам тисін деген адал ниет болу керек. Осы төрт қасиеттен тұратын формула мен үшін өзекті. Бұл 40 жылдық еңбек өтілімде өмірлік қағидама айналғандықтан, өзім де бүгінгі күні жетістіктерге қол жеткізудемін.
Жинақтаған біліміңді өндіріспен ұштастырумен қатар, өзіңді шыңдауға да Компаниямызда үлкен мән берілген. Соған сай, республикалық «Еңбек жолы» байқауына қатысып, «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша III орын 179 қатысушының арасынан маған бұйырғаны, былтырғы жылдың қорытындысымен Ембі мұнайшылары арасынан «Жыл тәлімгері» аталымын иеленгенім – осы сөздерімнің дәлеліндей. Қазіргі қоғамда еңбек адамы туралы жақсы пікір қалыптастыру, еңбекке құрметпен қарау маңыздылыққа ие болғаны да – үлкен серпін.
Сапалы білім мен шыңдалған тәжірибе жетістікке жетелейді. Өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін үнемі ізденіп, біліміңді толықтырып отыруың керек. Үйренбей, ізденбей табысқа жету – қазіргі заманда мүмкін емес. Сол үшін өзім де Қазақстан, тіпті Ресей аумағында өтетін курстар, семинарларға қатысамын. Шәкірттерім де мұнай және газ өндіру басқармасының жыл сайын өтетін «Үздік маман» байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Осы жылдар ішінде өзімнің тәжірибемді жас мамандармен бөлісіп, мұнайшылардың жаңа буынын тәрбиелеуде жұмыстанып келемін.