Сайыс ережесі бойынша әр қатысушының мамандығына байланысты практикалық тапсырмаға берілді. Мұнайшылар қауіпсіздік техникасы мен алгоритмді сақтай отырып, белгіленген уақыт ішінде жұмысты сапалы орындауға тырысты. Оператор, слесарь, машинист, жүргізуші, аппаратшы, лаборант, жөндеуші, құрастырушы мен дәнекерлеуші сынды мамандар өзара үздіктерді анықтаса, мотористер мен ұңғымаларды жөндеу бригадалары топ болып сайысты.
«Тәжірибе кезеңі – бәсекеге толы шешуші кезең. Мұнда үздік атануға бел буған үміткерлер өзара сайысып қана қоймай, қызметке деген қабілеті мен мүмкіндіктерін паш етеді. Сонымен қатар әріптестерімен тәжірибе алмасып, қарым-қатынасын берік ете түседі. Дайындығымыз өте жақсы. Қобалжу мен эмоцияға бой алдырмай, барлығын сәтті орындап шығуға тырысамыз», – дейді қаражанбастықтар.
Дәл осындай кезең ІІ вахта жұмысшыларына да өткізіледі. Қорытынды қос ауысым сайыскерлері байқауды толық аяқтаған кезде шығарылады. Айта кетейік, додаға қатысуға ниет білдірушілер саны жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде мұнайшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, еңбек ұжымын үздік нәтижеге талпындырады.