«Үздіктер алаңы» – компания мамандарын дамытуға арналған циклді бағдарлама. Бұған дейін дәл осы бағдарлама аясында энергетиктер өз білімдерін шыңдаса, бүгін еліміз бойынша белгі беру және байланыс дистацияларынан 66 маман біліктіліктерін арттыруға жиналды.
Жиынның ашылуында сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Магистральдық желі дирекциясының директоры Сәкен Рахметов бұл оқыту курсына белгі беру-байланыс саласынынң мамандарын арнайы қосқандарын атап өтті.
«Сіздер осы жерден алған білімдеріңізді жұмыс барысында қолданып, жаныңыздағы әріптестеріңізбен де бөліседі деген үміттеміз. Өздеріңіз білесіздер, кез келген қателікті бүгінде ешкім кешірмейді. Қауіпсіздік жағынан жіберіп алған қателіктердің арты қайғылы жағдайға әкеліп соғатын жайттар да жоқ емес. Соны ескере отырып компания білікті мамандарды дайындауға барынша мүдделі болып отыр. Жоғары білікті мамандар команияның көрсеткіші әрі жетістігі болып табылады», – деді Сәкен Рахметов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байланысшылар бес күн бойы Оқу орталығында өздерін дамыту бойынша тәлімгерлерден білім алады. Осы жерден алған білімін кейін өзі жұмыс істейтін орнында кеңінен қолданып, әріптестерін де жаңашылдыққа үйрететін болады. Мұның барлығы компанияны дамыту жолында атқарылып жатқан бастамалардың бірі. Компания өз қызметкерлерімен бірге даму жолына түсіп отыр.
«Қазір біз мамандардың біліктілігін арттырып қана қоймай, олардың тұлғалық білімін де шыңдаудамыз. Өйткені мұнда өндіріс адамдарымен тікелей жұмыс істейтін басқарушы қызметтегі мамандар жиналып отыр. Өндірістегі қауіпсіздіктен бастап адамдармен жақсы тіл табысып, жұмысты ілгерілетудің барлығы осы мамандардың біліктілігі мен дұрыс шешім қабылдауына байланысты. Сондықтан курс барысындағы тренингтің тақырыбы мен білімі Орталық департаментпен талқылана отырып жасалды. Сол себепті курсты тамамдаған жандар біліктілігін көтеріп, жан-жақты ойлай білетін бесаспап маман болып шығады деп ойлаймыз», – дейді компанияның HR-бизнес серіктесі Алма Сәулебаева.