Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе кентінде 1979 жылы дүниеге келген Роза Бөлекбайқызы Нұн Жұбаев атындағы орта мектепті бітірісімен Ш.Есенов атындағы университетке оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнынан «химиялық технология» факультетін игеріп шыққан жас маман 1999 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына жұмысқа орналасады.
Алғашында «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты асханалардың бірінде еңбек жолын бастаған ол, 2004 жылы мамандығы бойынша ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехына зертханашы болып ауысады. Осы кезге дейін сол бір орында табан аудармастан еңбек етіп келеді.
Техникалық тұрғыдан өте сауатты болуды талап ететін бұл жұмыс кез келгеннің ырқына көне бермейді. Күн өткен сайын құбылып, сәт сайын шығатын жаңа технологиялар тұрмысымызға дендеп еніп жатқан шақта, бүтіндей бір алып компанияның зертханасында абыройлы еңбек ету – тек білімді әрі білікті маманның ғана қолынан келеді.
«Маман ретінде қалыптасуыма алғаш рет жұмысқа орналасқан кездегі инженер Самал Қожаеваның еңбегі зор. Ол, осы күрделі мамандықтың бар қыр-сырын жалықпастан үйретті. Біздің зертханалық жұмысымыз үлкен талдау аппараттарының көмегімен жаңа сатыға көтеріліп отыр. Заманауи құрылғылар бұрынғыға қарағанда мұнай айыруда өз септігін тигізіп отырғаны қуантады, ғимаратымыз да жаңарды», – дейді Роза.
Мамандығын мақтанышым деп қарайтын зертханашы өткен ғасыр жылдарына қарағанда өндірістің алға көп жылжығанын айтады. Өз саласы бойынша тәжирибе жинақтаған ол үлгілі еңбегі үшін сан рет түрлі марапаттарға ие болды.
Вахталық әдіспен қызмет ету әйел адамға оңай соқпасы белгілі. Алайда, осындай қиындықты тереңнен түсінген отбасы ғана жұмыс істеуде өзіне барынша қолайлы жағдай жасайды. Осының арқасында Роза Бөлекбайқызы еңбекте де, отбасында да өз орнын тапқан жан. Жолдасымен бес бала тәрбиелеп, немере-жиен сүйіп отырған мұнайшыларды 2008 жылы Қаламқас табыстырса керек. Кейіпкерімізді аяулы жар, асыл аналардың бүгінгі көрінісі дей аламыз. Осындай қауырт күн тәртібіне қарамастан балаларын да өсіріп, ел демографиясына елеулі үлес қосу – бұл қажырлы ананың ғана қолынан келетін қайырлы іс.
Дереккөз: «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ әлеуметтік желідегі парақшасы