Главная Новости «Туған елге саяхат»: Жер қойнауынан күш-қуат алды
05 января 2024, 08:31 5672

«Туған елге саяхат»: Жер қойнауынан күш-қуат алды

«Туған елге саяхат»: Жер қойнауынан күш-қуат алды

«Туған елге саяхат-2023» пойызындағы әсерлі сапарларға еліміздің энергетика саласының екі белді өкілі – «KEGOC» және «Самұрық-Энерго» компаниялары еңбеккерлерінің де балалары қатысты. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы алпауыттардың алғашқысы электр желілерін басқарса, екіншісі сол қуатты өндіреді десек болады - SK News.

 Ұланғайыр Отанымыздың көрікті деген жерлерді аралаған жеткіншектердің, нағыз еңбек адамдары – ата-аналары үшін бойын мақтаныш сезімі кернеп қайтқаны анық. Нәтижесінде, теміржолдағы туристік пойызда жалпы 600 бала туған елін үш кезеңнің қорытындысында 15000 шақырымға аралап шықты.

Ел басшылығы өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуын үнемі қадағалап, жүйелі бағдарламалар ұсынып келетіні аян. «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді бір сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Балалардың өз туған жері мен елін тануы, бұл орайда, аса маңызды.

 

«Бала күнімізде ел көріп, жер танып, саяхаттауды біз де армандайтынбыз. Әлемді шарласам, ғаламды танысам деген сол балаң қиял әрбірімізді алға жетелейтін. Сондықтан «Туған елге саяхат» жобасы сендер үшін үлкен бір арманның бастауы боларына сенеміз. «Атың барда ел таны желіп жүріп» дегенді де бабаларымыз бекер айтпаса керек. Бабалардың тілек-мұратын балаларымыздың жалғауы да жарасымды. Сіздер саяхатқа шықтыңыздар. Мемлекетіміздің ең көрікті де тарихы тереңде жатқан ғажайып жерлерін аралайсыздар, таным көкжиектеріңіз кеңейіп, жаңа достар табасыздар. Жазғы каникулдың ең бір ғажап кезеңі ретінде бұл сапар мәңгі естеріңізде қалатыны да сөзсіз. Армандарың асқақ, жолдарың даңғыл болсын», – деп тіледі үлкендер тарапы пойызды шығарып салғанда қол бұлғап тұрып.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Туған елге саяхат» жобасы Байқоңыр, Бурабай, Түркістан, Алматы, Алакөл, Астана және Ақтау секілді өңірлерді қамтыды. Өз кезегінде, әсерлі сапардан оралған жас саяхатшылар туған елінің барлық сұлу қырына, оның тарихына үңіліп, қанығуға, достар табуға және жаңа білім алуға берілген мүмкіндік үшін шын жүректен алғыстарын жеткізді.

 

Саяхатқа «Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығармашылық байқауының жеңімпаздары мен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерінің балалары қатысты. Осы орайда «KEGOC» кәсіпорындарынан жол жүрген ұл-қыздар Қостанай, Қарағанды, Абай, Алматы облыстарынан болса, «Самұрық-Энерго» өндіріс нысандары орналасқан Павлодар, Ерейментау, Алматы, Екібастұз, Шардара қалаларынан да өскелең ұрпаққа қос рельс үстінде жүйітку бақыты бұйырды.

«Саяхатта маған бәрі ұнады, әсіресе топ бастаушыларымыз, жалпы ересек ұжымның қарым-қатынасы, пойыздағы тамақтану мен ойындары көңілімнен шықты», – деді «KEGOC» АҚ квотасы бойынша жол тартқан Ералы Мәрленов.

Жобаның басты мақсаты – балаларды жан-жақты дамыту, болашақ мамандықты таңдауға бағдарлау, өз халқының мәдениетіне қанықтыру және де оны қазіргі өмірдің алуан қырына бойлату. Игілікті іс, сонымен қатар, балалардың айналаға деген қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерін зерделеуге, Отанға деген сүйіспеншілікке баулуға, патриотизмді нығайтуға бағытталған.

Туристік пойыздың әр үш кезеңінде 18 маман (педагог, психолог, аниматор, медбике) жұмысқа тартылды.

«Ұйымдастырушыларға, тәрбиешілерге, саяхатта жол көрсетушілерге, барлық пойызды жұмысын тараптарға көп рахмет, үнемі байланыста болып, балаларымызды аман-есен қайта өзімізге табыстады. Ұлым сәл шаршап келсе де, төбесі көкке елі жетпей, ерекше көтеріңкі көңіл-күйде, шаттанған жағдайда оралды. Оған қарап біз де қуандық. Ортақ Отанымызға сүйіспеншілікті арттырған барша жанға мың табыс пен бақыт, мықты денсаулық тілеймін», – деп жеткізді риясыз ойын Нұрсұлтан Қаболла есімді саяхатшының әкесі Дулат Кәрімов «Самұрық-Энерго» компаниялары атынан.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асты.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ барлық компаниялар тобының атынан бірыңғай қайырымдылық қызметімен айналысады және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау салаларында жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. 2023 жылдың 10 айында көмек алған қазақстандықтар саны 524 мың болса, оның 26 мыңы бала, ал 81 мыңы – ауыл тұрғыны болып отыр.

«Бар жақсылық – балаларға» демекші, алғаш қадамын жасаған, сөйлеген бүлдіршіндерді, балаша қуанған ересектерді көргенде еріксіз көзге жас келетіні анық. Мәселен  атыраулық Асылай Қаламғали – жүктіліктің 27 аптасында дүниеге келіп, шала туған нәресте. Салдарынан екі көзі бірдей көрмей қалған. Баланың қос жанарын шетелде күрделі ота жасау арқылы ғана аман сақтап қалу мүмкін еді. Сәбидің шет елдегі отасын «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржыландыратын «Балаларға өмір сыйла» атты жобасы толықтай көтерді. Нәрестенің анасы Қор қолдау көрсетпегенде Асылайды Ресейге апаруға мүмкіндіктері де, шамалары да болмағанын айтады.

«Қазір қалпымызға келіп жатырмыз, қызым көре бастады», – дейді анасы.

Жалпы, жыл басынан бері «Samruk-Kazyna Trust» қоры Қазақстанның түкпір-түкпірінен 60-қа тарта баланың шетелдегі емін қаржыландырды. Түрлі дертке шалдыққан балаларға Ресей, Үндістан және Түркия емханаларында күрделі оталар жасалды.

Қор барша өзіне жүгінуші қоғамдық ұйымдардан еліміздің ең шалғай жерлеріндегі адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатыны туралы қызық идеялар күтеді. Бұл тұста азаматтық секторды шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге шабыттандыруға күш салынбақ. Мысалы шағын қаланың бастамалары бүкіл облыс, тіпті бүкіл ел үшін игілікті болуы мүмкін.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: