Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Алматы» арнасында Қазақстанда пайдалы қазбаларды табу, өндіру, өңдеумен айналысатын ауыр өнеркәсіп орындарының жұмысын көрсететін «Жер мен көк» атты 10 сериялы мелодрама көрермен назарына ұсынылды. Сериал «Тау-Кен Самұрық» АҚ-на қарасты «ШалқияМырыш» («ШалқияЦинк) кенішінде түсірілді. Ал кәсіпорын жұмысшылары көптеген көріністе актер болып ойнады.
Алматы арнасының хабарлауынша, телехикая Қазақстандағы ауыр өнеркәсіп орындары туралы ғана емес, пайдалы қазбаларды табу, өндіру, өңдеумен айналысатын кен орындарының жұмыс тіршілігін кеңінен тарқатуды мақсат тұтты. Өнеркәсіп жұмысшыларының нағыз өмір салтын сюжетке салып, олардың еліміздің дамуындағы рөлін көрсету және халықтың ойындағы жалған нанымдарды бұзып, өндіріс мамандары туралы танымдарын кеңейтуге талпынды.
Оқиға желісі тау-кен кешенінің жұмыс аясында өрбиді. Телехикая тек жұмысшылардың еңбегін көрсетіп қоймай, компания президенті мен орынбасары арасындағы дауды да сипаттайды. Қызықты оқиға желісіне қысқаша кіріспе төмендегідей:
Зауыт ұжымының алдында үлкен мақсат тұр. Бір жылдың ішінде аймақтан тағы 10 жаңа инновациялық жобаға жетекшілік ету, компания акцияларын бақылау пакетін өсіру, халықаралық қарым-қатынасты дамыту. Егер компания жақсы нәтиже көрсетпесе, компания шетелдік инвесторлардың қолына өтпек.
Өндіріс басшысы Дархан кризистік жағдайдан алып шығатын білікті менеджер ретінде 35 жасар Темірді шақырады. Темірдің бейқам, қалыпты өмірі Ару есімді бойжеткенді көлікпен қағып кеткенде өзгереді. Темірдің де Аруға деген сезімі оянады. Темір өзінің жұбайы жол апатынан қаза болғанын және екі баланың әкесі екенін айтады. Өзінің орынбасары мен Арудың көңіл жарастырып жүрген компания басшысы бұған қатты ашуланады. Сөйтіп компания президенті мен вице-президент арасында қақтығыстар пайда болады. Екі басшының арасындағы дау ұзаққа созылады.
Бір күні тау-кен кешенінде жарылыс болады. Ол апаттан бірнеше қызметкер мен компания президенті көз жұмады. Басты айыпталушы болып Темір Ермаханұлы танылады. Бұдан кейін оқиға қалай өрбиді? Жарылысты ұйымдастырған Темір Ермаханұлы ма? Әлде кездейсоқ орын алған оқиға ма? Бұл іске масштабты талаптар қойған шет елдік бизнесмендердің қатысы бар ма? Сериал сюжеті осыны кеңінен тарқатады.
Қазақстандық режиссер Төлеген Бейсет түсірген «Жер мен көк» телехикаясында Дәулет Өсербай (Бекзат), Бақытгүл Серікбаева (Айым) және Мұрат Нұрәсілов (Арқат ата) сынды танымал актерлер ойнайды.
Телехикаяның барлық сериалын «Алматы» арнасының Youtube арнасынан тамашалауға болады.