Главная Новости Тәуелсіздік еңбек адамымен құнды
11 желтоқсан 2019, 08:37 2310

Тәуелсіздік еңбек адамымен құнды

Тәуелсіздік еңбек адамымен құнды

Мұнайшы кәсібінің даңқы қайта оралды. Маңғыстау ауа райының жылдың төрт мезгіліндегі алақұйын мінезіне мұнайшы қауым сыр берместен төзіп келеді. Қандай жағдай болсын, сонда да олардың атакәсіптен азар да безер болып жүргенін көрмейсің. Ходжанепес те сол ажарын даланың аптабы қарыған мұнайшының бірі.

Таң атысымен кеңсені бетке алады. Түнімен кірпік қақпай мұнай өнімін бақылап отыратын инженерлер аға технологтың бұл әдетіне әбден бой ұсынған.

 - Ау, амансыңдар ма, түн тыныш па, әйтеуір ? Ұңғылар қалай, не өзгеріс бар? – дейді байыппен.

 - Технологиялық параметрлерде өзгеріс жоқ. Қысым бірқалыпты. Мұнай өндіруде іркіліс байқалмады, - деп жігіттер де істің барысынан хабар беріп жатады...

Жауапқа көңілі толса да, үстелдің бетін тұтас жауып жататын инженерлердің түні бойы толтырып шыққан сызбасына бір үңілмей кетпейді. Біреулерге бұл тек құжынаған сандар болуы мүмкін. Ал оның көзімен қарағанда мына көсіліп жатқан қағаз – Асардың тынысы. Өндірілген мұнай көлемі қанша? Суы, қысымы қандай? Бәрі сайрап тұр. Соны өз көзімен көрмейінше, көңілі көншімейді. Кісіге сенбегендігінен емес, әрине. Бұл қырық жыл бойғы тәжірибе, өндірістің ащылы-тұщылы сабағы қалыптастырған дағдысы.

Ходжанепес Кемалов 1958 жылы Ашхабад қаласында дүниеге келген. Маңғыстауға көшкен 1962 жылы әкесі Әбдіғали бұрғышы болып жұмысқа орналасады. Жеті бала тәрбиеленген шаңырақта әке мамандығына деген қызығушылық басым болды. Үш інісімен бірге мұнай саласын таңдаған Ходжанепес 1978 жылы әскерден оралысымен автомектепте оқып алады. 1979 жылы "АТП-3" мекемесінде жүргізуші болып еңбек жолын бастаған ол, 1983 жылы "Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармасына оператор болып орналасады. 1993 жылы Өзен мұнай техникумын техник-технолог мамандығы бойынша бітірген Ходжанепес сол жылдардан бастап қай қызметті атқарса да абырой-беделіне нұқсан келтірген емес. Көпті көрген, іс-тәжірибесі мол ағамыз 2007 жылдан бері Асар кен орнында аға технолог болып еңбек етіп келеді. Мұнай-газ саласының дамуы жолында өзіндік үлесі бар мұнайшы, "Қазақ мұнайының 120 жылдығы" төсбелгісінің иегері, бірнеше алғыс хатпен марапатталған.

 "Жер қойнауын игеріп, қазынасын игілікке жаратқан ел әрдайым дәулетті. Тек ерінбей еңбек етсең болғаны". Бұл Ходжанепес Кемаловтың өмірлік қағидасы.

"Тек еңбек арқылы, тер төге жүріп жұмыс істегенде ғана берекеміз артып, мерекеміз көбейеді. Тұрмысың жақсарып, елдің еңсесі көтеріледі. Қара қазан оттан түспесе, бала-шағаға білім беріп, қатарға қоссаң, төрің тілекші адамнан арылмаса, жұртың аман-есен, бейбіт өмір кешсе, басқа бақыттың керегі не?!", - деп өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліскен үш баланың әкесі мен төрт немеренің атасы өткенге салауат, бүгініне шүкіршілігін айтудан бір сәтке танған емес.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: