Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Жуырда «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркі су жаңа отандық вагондармен толықты. Кейінгі 10 жыл көлемінде ұлттық тасымалдаушының техника паркі 50 пайызға дейін жаңартылды.
Бұл вагондарды Петропавл қаласындағы отандық «ЗИКСТО» зауыты жасап шығарды. Елордаға заманауи үлгіде жасалған плацкарт және купе вагондарының бірінші партиясы да жеткізілді. Бұл вагондар «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Маңғыстау», «Атырау – Ақтөбе» бағыттары бойынша жүретін пойыздар құрамында жолға шығады.
Жолаушылар сапарының жайлылығын қамтамасыз ету үшін вагондар ауаны баптау қондырғысы, тазарту сүзгілері, түтін сезбегі, биодәретханалармен, тамбурлардағы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Әр купеде электр көзі мен USB қосқыштары да қарастырылып отыр. Тиісті нұсқаулық бойынша пайдалана білсек, вагондардың қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жарамды. Жайлылығы мен техникалық өлшемдері жағынан анау-мынау шетелдік бәсекелестерін шаң қаптырып кететін отандық вагондар өндірісі мұнымен шектелмек емес.
Алдағы қазан айының соңына таман «ЗИКСТО» зауыты ұлттық тасымалдаушыға тағы да 50 вагонды, ал келесі жылдың басында тағы 100 жолаушы вагонын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ 2030 жылға дейін «Stadler» компаниясынан 537 жоғары технологиялық вагон сатып алу көзделіп отыр. Соның арқасында салдырлап, қаңқасын әзер сүйретіп жүрген көнетоз вагондардың біразымен қош айтысамыз.
Тасымал паркін жаңарту бойынша барлық жоспарланған іс-шараны ескере отырып, 2030 жылы вагондардың орташа шыққан жылы 18-ден 13-ке дейін төмендейді деп жоспарланып отыр. Бұл ретте вагондардың ауаны баптау жүйесімен қамтамасыз етілуі 100%-ды құрайды.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, кейінгі он жылдың бедерінде компания қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық тазалығы бойынша заманауи халықаралық талаптарға жауап беретін 1200-ден астам вагон сатып алыпты.