Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Атырау мұнай құбыры басқармасы биыл өзінің жартығасырлық мерейтойын атап өтеді, деп хабарлайды SKnews.kz «ҚазТрансОйл» АҚ корпоративті электронды басылымына сілтеме жасап.
Бұл Атырау мұнай құбыры басқармасының барлық мұнайқұбыршылары мен «ҚазТрансОйл» АҚ үшін де маңызды оқиға. Өйткені, оның артында 50 жыл қажырлы еңбек пен айрықша жетістіктер, орасан зор және бірегей жобалар тұр. Саланың дамуына есімдері компанияның шежіресіне енген кәсіби мамандар да көп үлесін қосты. Бұл материалда біз Атырау мұнай құбыры басқармасы туралы айтатын боламыз.
Бүгінде сонау алғашқы мұнай магистралына түрен салған жандардың қанша маңдай тері және күш-жігері жұмсалғанын елестете беріңіз. 700 шақырымнан асатын Каспий-Орск тұңғыш мұнай құбырының құрылысы 1932 жылы басталған еді. Мұнай құбыры бүгінгі Атырау, Ақтөбе облысының аумағын және Ресейдің Орынбор жерін қамтыды. Оның құрылысы ол кезде аса қиындықпен, адамның қара күшімен салынған еді. Ауыр құбырлар түйемен тасымалданды. Құбырды орайтын арнайы материал болмағандықтан, қолға түскен затқа жүгінуге тура келді. Жол жоқ, арнайы техника қат кезінде әрі ауа-райының қолайсыздығына қарамастан құбыр салу құрылысы уақытында аяқталды.
Аңызға айналған корифейлер
«Южнефтепровод» бірлестігінің жөндеу-құрылыс басқармасын бірнеше жылдар басқарған ардагер мұнайқұбыршы Виктор Вельтердің айтуынша, 1930 жылдары салынған құбырлар сапасы өте жақсы, адал еңбекпен салынған.
«Мұнай тасымалы саласына мен 1973 жылы әскерден келген бойда орналастым, сол жылдары «Каспий-Орск» мұнай құбырын ауыстыру жұмыстары басталған еді. Металл құбырлардың дәнекерлеу сапасы көзге көрініп тұрды, сыртынан құбыр өте жақсы күйде еді. Негізінен құбырдың іші коррозияға ұшыраған».
Виктор Вельтер, «Южнефтепровод» бірлестігінің жөндеу-құрылыс басқармасын бірнеше жылдар басқарған ардагер мұнайқұбыршы
Мұнай құбыры бойында 1941 жылы Гурьев мұнай құбыры кеңсесі құрылды, кейіннен Гурьев тауар тасымалдау басқармасы деп аталды. Жұмысқа жоғары білім алған білікті мамандар тартылды. Соның нәтижесінде 1969 жылға қарай Кеңқияқ және Темір екі сорғы станциясымен Кеңқияқ- №6 МАС мұнай құбыры, Қаратон-Қосшағыл мұнай құбыры, Қаратон-Сарықамыс су құбыры мен Мартыши-19 разьезд (Атырау) мұнай құбыры пайдалануға берілді.
Жайық-Еділ мұнайының ағымына Маңғышлақ мұнайының тартылуына байланысты, сонымен қатар мұнайқұбыры жұмысының басшылық органы бір жерде шоғырландыру қажеттілігі үшін, араласқан мұнайдың бірыңғайлы технологиялық кешенінде қатысушы «Өзен-Гурьев-Куйбышев» мұнайқұбыры сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында, Волжск магистральды мұнайқұбыры басқармасының құрамында Гурьевте Балықшы аудандық мұнай құбыры басқармасы ұйымдастырылды.
Бұл басқарма, Гурьев-Калмыково мұнайқұбырының ұзындығы, 222 км болатын учаскеге қызмет көрсету қажет болатын. Балықшы аудандық МҚБ Новокуйбышевск зауытына құбыр және теміржол цистерналары арқылы жеткізуді қамтамасыз етті.
«Балықшы аудандық мұнай құбыры басқармасы (Атырау мұнай құбыры басқармасы) құрылғанда мен Орталықтандырылған бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика қызметінің бастығы болатынмын. Біздің алдымызда басқарма құрамындағы «Гурьев» және «Индер» мұнай айдау станцияларын автоматтандыру мәселесі тұрды. Сол кездері біз мұнай айдау станцияларының магистральдық сорғыларының қуатын арттыруға көп күш жұмсадық. 70-ші жылдары барлық салаларда өндірісті автоматтандыру басталды, шетелдік қондырғылар да енгізілді. Ол үшін мамандар қажет болды. Мені және автоматикамен айналысатын бес әріптесімді 1975 жылы Австрия мен Германияға тәжірибеден өтіп келуге жіберді. 1976 жылы басқармаға «Honeywell» автоматтандырылған қондырғысы келді, сәтті монтаждаудан кейін ол 25 жыл қызмет етті. Содан кейін автоматтандырудың жаңа дәуірі келді. Кейін талай қызмет ауыстырдым. Дегенмен, жастық жалынмен жұмыс істеген басқарма маған әлі ыстық көрінеді».
Зинон Абдрахманов, ардагер-мұнайқұбыршы, «Құрмет» орденінің иегері
«70-ші жылдары мен Балықшы аудандық мұнай құбыры басқармасының аппаратына мұнай құбырларын пайдалану жөніндегі аға инженері болып келдім. Ол кезде бұл салада мамандар аз болатын, сондықтан біз жыл бойы іске қосылатын учаскелер мен объектілерде болдық. Басқарма мамандары осы мұнай құбырын салуға жұмылдырылды. Далада мұздай вагон үйлерде тұрып жұмыс жасадық, сол жерде тамақтандық, демалдық. Бірақ бұл бәрімізді біріктіретін ортақ іс еді».
Шыдатпай Тұмышев, ардагер-мұнайқұбыршы
1997 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ құрылғаннан кейін Балықшы мұнай құбыры басқармасы компанияның Батыс филиалының құрамына кірді және Атырау мұнай құбыры басқармасы болып қайта құрылды.
«Бұл елдің тәуелсіздік алған кезеңі еді. Бүкіл Қазақстан бойынша экономикалық жағдай күрделі болды. Бірақ біздің алдымызда мұнайды экспортқа үздіксіз жеткізу міндеті тұрды. Ол үшін мұнай құбыры жұмысының сенімділігін қамтамасыз ету қажет. Осы кезде біз «Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырын қайта жаңғыртуға кірістік. Маған осындай ауызбіршілігі мен татулығы мығым ұжым басшылығында болғаным әркез ыстық. Қазір де компанияда ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы сақталып отырғанына сенімдімін. Басқарма ұжымын 50 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, алда үлкен табыс тілеймін!»
Саркис Снхчян, ардагер-мұнайшы, 1994-2015 жылдары Атырау мұнай құбыры басқармасының бастығы
Өрлеу жолында
Атырау мұнай құбыры басқармасы құрамындағы маңызды өндірістік нысандарының бірі Тарас Қасымов атындағы мұнай айдау станциясы. Бүгінде елдегі мұнай кеніштерінен («Өзен – Атырау», КТК, «Мартыши – Атырау», «Кеңқияқ – Атырау» магистральдық мұнай құбырларынан және теміржол арқылы келіп түсетін) мұнай қабылдау, одан әрі «Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры арқылы және Атырау МӨЗ-ге айдау, мұнайды Каспий құбыр консорциумы жүйесіне ауыстырып тиеу және теміржол көлігімен жөнелту үшін құю жүзеге асырылады.
Атырау мұнай құбыры басқармасында табиғатты қорғау шараларына ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, Нурибек Шманов атындағы мұнай айдау станциясын жоспарлы жаңғыртудан кейін өндіріске буды рекуперациялаудың инновациялық қондырғысы енгізілді. Ол мұнай тасымалдау кезінде өндірістік шығындарды азайтуға және атмосфераға зиянды шығарындыларды оқшаулауға арналған.
Қондырғы станция жұмысының көптеген параметрлеріне оң әсер етті: ауадағы көмірсутектердің жарылыс қаупі бар буларының шоғырлануын төмендету арқылы жарылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Мұнай айдау станциясының қызметкерлерін улы буларды жұтудан қорғау, өндірістік шығындарды азайту. Бұдан әрі «ҚазТрансОйл» АҚ осындай қондырғыны басқа объектілерде орнату бойынша ұқсас жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Бүгінде Атырау мұнай құбыры басқармасының өндірістік объектілерінде инновациялық технологиялар белсенді енгізілуде, ескірген жабдықтарды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнайқұбыршылардың қазіргі буыны аға ұрпақтың ісін лайықты жалғастырып келеді.
«Атырау мұнай құбыры басқармасы өзінің серпінді дамуымен ел экономикасына қомақты үлес қосуда. Бұған көпұлтты ұжымның ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылының арқасында қол жеткізілді. Міне, 50 жыл бойы Атырау мұнай құбыры басқармасы даму прогресі үстінде. Мұнда әрбір жұмысшы өзінің орнын айқындаған, командалық жұмыстың маңызын түсініп, ел дамуына үлесін қосып жатыр».
Аскар Джулдасов, Атырау мұнай құбыры басқармасының бастығы
Міне, бүгінде мұнай құбыры басқармасының ұжымы осылайша еңбек етуде. Мамандардың жас буыны екінші үйіндей болып кеткен жұмыс орнының өткені мен бүгініне қызығушылық танытады. Бұл, әрине сөзсіз «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасындағы ұрпақтар сабақтастығының лайықты жалғасы бар екенін білдіреді.