Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«ҚазТрансОйл» АҚ Қарағанды мұнай құбыры басқармасына қарасты Атасу бас мұнай айдау станциясы (БМАС) әлі де болсын Қытай нарығына экспорт қарқынын арттыра түсуге қолдау көрсетуге дайын. Бүгінде аталған кәсіпорын жылына орташа алғанда 12 млн тонна өнім жөнелтіп отыр (шекті мүмкіндік – 20 млн тонна).
Жалпы екі ел басшылары тиісті уағдаластыққа қол қойған соң, 2005 жылдың желтоқсан айынан «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбыры іске қосылып, бірінші жартыжылдықта ол арқылы 2,2 млн тонн мұнай тасымалданған. Ал 2007 жылы мұнайды тасымалдау көлемі жылына 4,8 млн тоннаға дейін ұлғайған. 2013 жылдың желтоқсанында атасулық мұнай құбырының әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Роснефть» ҰК» ААҚ арасында 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылына 7 млн тонна көлемінде мұнайды тасымалдау қызметін ұсынуға келісімшарт жасалған. Бұдан түсінетініміз, Атасу бас мұнай айдау бекетінің 100-ге жуық еңбеккерден құралған тату ұжымы бағындырар белес межесі ұдайы биіктеп келеді. Мәселен, бүгінгі таңға дейін 110 млн тоннадай стратегиялық шикізат шекара асырылған. Биылғы 2019 жылдың 1-ші тоқсанында алынған асу 3 млн тонна өнімді төңіректеуде.
Тағы бір еске саларлығы, құбыр төселгенше мұнай теміржол эстакадасы арқылы жөнелтіліп отырған. Жоғарыда келтірген 97 қызметкердің 18-і мамандар санатынан болса, инженерлік құрам, желілік мұнайқұбыршылар, тауар операторлары немесе химиялық талдау зертханашылары сынды олардың барлығы жергілікті халықтан жұмыспен қамтылған екен. Станция жетешісі Есентай Рахманқұлов ұжымның ауызбіршілігін нығайтып, көңіл-күйін көтеріңкі ұстауда, әлеуметтік қамтуда ауқымды істердің атқарылуда екенін әңгімелейді. Бір нәтижесі, салалық байқауларда атасулық мұнайқұбыршылар жиі үздік атануда.
2012 жылы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында Атасу кентінің басында 170 орындық, бассейні мен заманауи спорттық ойындар алаңы бар балабақша салынып берілген. Сондай-ақ кейін балабақша аумағында Қазтрансойлдың 20 жылдық мерейтойына орайластырылып көкжелек гүлзар да ашылған.
«Осымен бірге, бізде қауіпсіздік күшейтілген, тәртіп қатаң. Астана мен Қарағандыдан тұрақты бақыланады. Мұнайды Кеңқияқ пен Құмкөл кен орындарынан қабылдап, әрқайсы 20 мың тонналық 5 қазандықта Батыс Сібір мұнайымен араластырамыз. Содан 4 сорғы қауқарын қолданған райда, халықаралық талапқа сай Қытайға жібереміз.
Шығаберістегі торапта арнайы есептеу жүргізіледі. Өнім сынамасы зертханада күнделікті сарапталады. Қызмет көрсететін теліміміз 226 шақырымға созылады. Құбыр қысымында ауытқу байқалса, шұғыл топ оқиға орнына аттанады», - дейді Есентай Рахманқұлов.
Үш жыл бойы өз мамандығы бойынша озық көрініп келе жатқан электр монтері Нұрлан Белтаев жауапты іс-қимыл еш тоқтамас үшін автоматтандырылған жүйе апаттық ахуалға жеткізбей ықтимал ақаулардың алдын алатынын айтады. «Наурыз мейрамында бір сергіп қалдық!» деген инженер Александр Сердюк құрал-жабдықтың кешіктірілмей жөнделуіне айрықша көңіл бөлінетінін растайды.
Зертханашы Айбану Омарова мен тауар операторы Галина Свинтицкая станциядан техникалық келісімге сәйкес, 1-2-ші сыныптағы мұнай өтетінін тілге тиек етеді.
Еңбек адамдары ұжым басшылығының әріптестерінің қуанышы мен қайғысына бірдей ортақтасып, қаржылай сыйақы тағайындалатынын, кәсіби шыңдалуға жағдай жасалғанын бірауыздан жеткізді. Біліктілікті көтеруге кететін шығындарды жұмыс беруші толық өтеуде екен. Оқу орталығы Ақтауда орналасқан.
Алдаберген КЕМПІРБАЙ