Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қырық жыл бұрын, 1985 жылы 28 қаңтарда алғашқы Шымкент бензині өндірілді. Дәл сол жылдың 17 ақпанында кәсіпорынның басты оқиғасы — зауытты пайдалануға қабылдау туралы Мемлекеттік комиссияның актісіне қол қойылды.
Жалпы кәсіпорынның тарихы 1972 жылы ЛК-6У (Ленинград кешені) қондырғысының құрылысынан басталады. 1981 жылы зауыттың жылу электр орталығы пайдалануға берілді. 1983 жылы сәуір айына қарай мұнай құю кешені салынып, Омбы — Павлодар — Шымкент мұнай құбыры арқылы зауытқа алғашқы мұнай келіп түсті. Сол жылы өңделген алғашқы мұнай жөнелтіліп, зауыт маңызды қызметтері пайдалануға берілді.
Қазан айында тазарту құрылыстары іске қосылып, қараша айында метрологиялық қызмет құрылды. 1984 жылдың желтоқсанында ЛК-6У қондырғысының ЭЛОУ-АТ секциясы кезең-кезеңімен іске қосылып, тіке айдалған бірінші бензинін алды. 1986 жылдың көктемінен бастап зауыт жылына 6 млн тоннаны құрайтын толық қуатына шықты.
Тәуелсіз Қазақстанда Шымкент мұнай өңдеу зауытында біраз өзгерістер болды. Ауқымды жаңғырту жобасы кезінде (2 кезең) 11 технологиялық қондырғы мен жалпы зауыттық шаруашылықтың 29 нысаны пайдалануға берілді, қосымша 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұрын зауыт К2 класты жанармай өндіретін болса, бүгінде ол К4 және К5 класты бензин мен дизель отынын (Еуро-4 және Еуро-5 аналогтары) шығаруға қауқарлы. Тәулігіне 15 мың тоннаға жуық жанар-жағармай өндірілсе, соның 6 мың тоннадан астамы — жоғары сапалы бензин.
2024 жылы зауыт 5,74 млн тоннадан астам мұнай өңдеп, жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісі деңгейін 78,8%-ға, ал өңдеу тереңдігін 85,8%-ға жеткізді. Бұл көрсеткіштер зауыттың операциялық тиімділігінің үнемі өсіп отыратынын көрсетеді. Бүгінгі таңда зауытта 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорын өз дамуын жалғастырып келеді. 2030 жылға қарай өндірістік қуатын 12 млн тоннаға дейін кеңейту жоспарда.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының (қазіргі «ПҚОП» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) тарихы мен жетістіктері туралы толығырақ ҚМГ сайтындағы Білім қорынан оқи аласыз.