Главная Новости 9 баланың әкесі болған оңай ма?
24 сәуір 2019, 08:25 3173

9 баланың әкесі болған оңай ма?

9 баланың әкесі болған оңай ма?

Атажұртқа қоныс аударған қандастарымыз үшін басты мәселе – баспана, азаматтық алу жайы екені белгілі. 2003 жылы жұбайы Балбөпе мен 2 баласын алып, Өзбекстаннан атажұртқа бағыт алған Мұхаметдин Раджапов бүгінде атамекенде өсіп-өніп, көкжиегі кеңейіп отыр.

«Ембімұнайгаз» АҚ «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының  Доссор автоколоннасының 6-дәрежелі бульдозер машинисі Мұхаметдин Раджапов сындарлы сәтте өзіне дейін тарихи Отанына қоныс аударғандардың арасынан кейбірінің мамандықтарының кәдеге аспай қалатындығы, қайсыбіріне кәсіппен шұғылданып, шаруашылық жүргізуге қолдау көрсетіле бермейтіндігін естіп, абыржығынан еске алады. Дегенмен кейіпкерімізге Құдайдың мейірімі түсіп, бағы жанғаны болар, ондай қиындықтар кездеспеген.   

«Үйренген ортаңды тастап, жаңа қонысқа біржола  көшу, әрине, оңай емес. Алғашында, жұбайымыз екеуміз қатты толғандық, қабырғамызбен кеңестік. Алайда, балаларымыздың болашағын ойлап, ұрпағымызды атажұртына жеткізейік деген үлкен мақсатпен алыс жолға бағыт ұстадық. Еш өкінбейміз. Қандастарымыз бізді құшақ жая қарсы алды. Бүгінде бұрынғы кәсібімді жалғастырып, көлік тізігініне отырдым. Еңбек етіп, жұрт қатарлы тіршілік кешіп жатырмыз», - деп тебіренген Мұхаметдин Раджаповтың жанарынан қуаныш ұшқынын аңғару қиын емес.

Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентіне 2003 жылы көшіп келген Раджаповтар отбасы 3 айдан кейін еш кедергісіз азаматтықтарын алса, келесі 2004 жылы төрт бөлмелі баспанаға ие болды. Сол жылы Мақат өңіріндегі іргелі ұжым – «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының арнаулы көлік керуеніне жұмысқа тұрып, өзіне үйреншікті жұмыс – бульдозер рулін бағындырды. Ең бастысы, атақонысында ұрпағы дүниеге келіп, тамыры тереңге жайылды.

2004 жылы  Әсия, 2007 жылы Нұрай есімді қыздары дүниеге келсе, 2009 жылы Рамазан, 2013 жылы Нұртас есімді ұлдары іңгәлап, ата-анасын шаттыққа бөледі. 2016 жылы егіз ұлдары Жандарбек пен Айдарбек, ал 2018 жылы Ыбырайхим туып, көпбалалы отбасының ырысын арттырды.

Сонау 2003 жылы Раджаповтар жанұясы атақонысқа ат басын бұрғанда еріп келген қос ұлы Аманжол мен Рахат бүгінде ата-анасына қолғабыс етуге жарап қалған. 20 жастағы Аманжол мұнай компаниясының әлеуметтік саласында аспаз болып еңбек етсе, 17 жасар Рахат жергілікті колледжде болашақ бағдарламашы маман ретінде білім алуда.

Көпбалалы әке Мұхаметдиннің өзі 3 ұл мен 3 қыз тәрбиеленген  үлкен шаңырақтан өсіп-жетілді. Елге келген соң  әке-шешесін, екі інісі мен үш қарындасын атажұртқа көшіріп алды. Әкесі атамекен топырағын иіскеп жаны жай тапты ма, көп ұзамай өмірден озды. Кейіпкеріміз асқар тау тұлғаның «сүйегім туған жерде қалса» деген  аманатын орындағанына қуанады.

«Әкеме мәңгі қоныс ретінде  атажұртымыз - Алғабас жері бұйырды. 76 жастағы «Күміс алқа» иесі, анам Айпаш бүгінде ортамызда. Қарындас, інілерім Атырау қаласында тұрып жатыр. Жұрт қатарлы тіршілік етуде. Ең бастысы, тұрақты табыс көздері қамтамасыз етілген. Қолым жеткен табысыма шүкірлік айтып отырамын. Бүгінде төрт бөлмелі баспанамды кеңейтіп алдым. Еңбек ететін ұжымым – тамаша орта.  Сол ұжымның арқасында жыл сайын денсаулығымды нығайту үшін еліміздегі шипажайларға барып, демалып қайтамын», - дейді Мұхаметдин ағамыз.

Сонымен қатар, ол, өзі еңбек ететін кәсіпорынның жұмысшыларын ұдайы қамқорлыққа назарда ұстайтынын айтады.

«Бала дүниеге келгенде, мерейлі жасқа толғанда, мемлекеттік мейрамдарда  арнайы берілетін сыйақылар тағы бар. Еңбек адамының жағдайын жан-жақты ойлайтын, арнайы бағдарлама бекітіп, қаражатпен қамтамасыз еткен қазақстандық мұнай компаниясында еңбек еткеніме шүкіршілік етемін. Ең бастысы, ұрпағымды атақонысқа әкелгеніме өзімді өте бақытты сезінемін», - дейді Мұхаметдин Раджапов жадырап.

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: