Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Жаңадан салынатын Аягөз – Бақты теміржолының құрылысы осы жылдың соңында қолға алынады деген жоспар бар. Жаңа желімен бірге оның бойында контейнерлік терминалдар мен құрғақ порт салу жұмыстары қатар жүргізілмек.
Міне, осы жұмысты жүргізуге көршілес ресейлік компания мүдделілік танытып отыр екен. Бұл туралы жуырда өткен Абай облысы басшылығының ТМД-ға танымал «FESCO» компаниясы өкілдерімен кездесуі барысында айтылды.
Кездесу барысында Семей ЖТ бөлімшесінің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту мәселесі, атап айтқанда Аягөз – Бақты теміржол желісінің бойындағы құрылыс аймақтарында контейнерлік терминалдар мен құрғақ портты салуға және басқаруға Fesco компаниясының қатысуы кеңінен талқыланды.
Тоқтала кетер болсақ, «FESCO» компаниясы – порт, теміржол және интеграцияланған логистикалық бизнес саласындағы активтері бар Ресейдегі ірі жеке көлік-логистикалық компаниялардың бірі. FESCO Ресей Федерациясының Қиыр Шығысы арқылы сыртқы сауда теңіз желілері бойынша Азия елдеріне, жағалаудағы теңіз желілері бойынша және теміржол арқылы контейнерлік тасымалдауда көшбасшы, сонымен қатар Қиыр Шығыс аймағындағы ең ірі порттық контейнерлік оператор болып саналады.
Олар Аягөз-Бақты телімінің дәл Қорғас кеден бекеті тәрізді транзиттік әлеуетінің зор болатынына сенімді. Сол себепті де жаңа жобаға қатысуға қызығушылық танытуда.
Ал Семей ЖТ бөлімшесі басшылығы өз кезегінде жаңа телім жобасы бойынша барлық ұсыныстарын облыс әкімдігі мен өзге де құзырлы орындарға ұсынып отыр. Бұған дейін бөлімше басшысы Владимир Бабиченко бастаған арнайы комиссия Аягөз станциясы мен Бақты кеден бекеті аралығындағы 270 шақырымды жүріп өтіп, жер рельефі жайлы деректер жинап, жергілікті аудан әкімдерімен кездесулер өткізіп, ұсыныс тұжырымдамалар әзірленген болатын.
Қуаныш Қожаев