Главная Новости «Әкемді үлгі тұтамын»
10 маусым 2022, 10:30 1566

«Әкемді үлгі тұтамын»

«Әкемді үлгі тұтамын»

Жігіттің төрт құбыласының түгендесек, ұшқан ұясы, еліне қызметі, ұрпағына қамқорлығы болып жалғаса беретіні хақ. Ал Жанайдар Иманалиевтың өмірбаянын таратсақ, арғысы Жайық бойы, бергісі Маңғыстауда Жанайдардың әкесі Шабаз Иманалиевті білмейтін жан сирек. Шабаз ата – Маңғыстаудың өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, жаңадан Маңғышлақ облысы құрылған тұста қызметке шақырылып, осы өлкенің дамуы мен гүлденуіне өмірінің соңына дейін қалтқысыз қызмет еткен жан. Түпқараған ауданының «Құрметті азаматы».

Көптеген облыстық мекемелерді, атап айтқанда, баспа, полиграфия, Каспий аймақтық құрылыс және облыстық партия комитетінің бақылау комиссияларын, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасын талай жыл абыроймен басқарды. Ақын, қоғам қайраткері Шабаз Иманалыұлының көптің көкірегінде жақсы аты, абыройлы даңқы қалды. Артында қалған ұрпағына айтылар жылы лебіз, ыстық ықылас қазақта «әкең өлседе, әкеңді көргендер өлмесін» деген жақсы сөзге саяды.

«Әкенің балаға берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» деген ұлағатты сөздің ақиқатын тарқатсақ, бұл бүгінгі кейіпкеріміз Жанайдар Иманалиевтың отбасына, алыс-жақындағы ағайын-жұртқа, ынтымағы жарасқан ұжымына қадірі асқан, жақсы азамат атануында жатыр.

2005 жылы Шахмардан Есенов атындағы АқтМУ оқу орнын «Мұнай-газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдаған ол тамыз айында Қаламқас кенорны №1 МГӨК цехында оператор болып еңбек жолын бастайды. Диспетчер, көлік, мұнай-газ өндіру инженерінен ауысым бастығы лауазымына дейін өсті. Білігі мен тәжірибесін сарп еткен салада ақырын жүріп абырой жиды. Өндіріс өмірі жас маманды отқа да, суға да салды. Мойымады. Қиындыққа қарсы тұрар қайсарлықты қайраткер әкенің қасында жүріп ұққан Жанайдардың біздің тілшілермен сұхбаты да соғұрлым мәнді болды.

«Қазіргі таңда жаңа технологиялардың көмегі едәуір. Осының нәтижесінде жұмыс жүйелі, еңбек өнімді десем артық айтқаным емес. Қай саламен айналысатын цех, бөлімшемізді алсақ та олардың мақсаты – ең бірінші еңбек және техника қауіпсіздігін қатаң сақтап, қоршаған ортаға залал келтірмей, сапалы нәтижеге қол жеткізу деп білем. Бұл тұрғыда жұмысшылардың еңбегі орасан», – дейді Жанайдар Шабазұлы.

Қаламқас кенорнындағы мұнай-газ өнеркәсібінің – «жүрегі» деп жүрексінбей айтатын Орталық инженерлік-технологиялық қызметтің атқаратын салмағы, көтерер жүгі ауыр.

Өндірістік бөлімшелердің іс-әрекетін тәулік бойы бақылауды, барлық объектілерден ақпарат жинауды өз міндетіне алған. Апаттарды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, оқыс жағдайлар кезінде көмек көрсету секілді мұнайшылар өміріне жауапты саланың басы-қасында Жанайдар жүреді.

Тәулік бойы екі ауысымда инженер, пультпен басқару операторы, ауысым бастықтары тікесінен тік тұрып қызмет істейді. Сондағы мақсат – өздері қалаған мамандықтың жілік-майын шағып ішсе де, жалқаулық пен салғырттыққа жол бермей, компанияның ырыс-несібесінің молаюына бір кісідей үлес қосу.

«Мақсаттың үлкені – елге, жерге, туған-топырағыңа қалтқысыз қызмет ету деп білем. Адамдарға қолымнан келгенше қол ұшын созып, білгеніммен бөліссем деймін. Менің де осы тұрғыда әлі үйренерім көп», – дейді еңбек адамы.

Бүгінде Құдай қосқан жары Әсем Ақылбайқызымен Адия, Инаят атты қос қызды тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иесі әкеден алған тәлімін өмір жолына жол сілтер темірқазық деп түйеді.

«Ұжымды басқарып, оны алға сүйреу, жұмысшылардың жағдайына қарайласып, өндірісті ұтымды ұйымдастыра білу, барлығын тепе-теңдікте ұстау оңай шаруа емес. Дер кезінде шешім қабылдауды талап ететін іске үлкен жүрек, тәжірибе, уақыт керек», – дейтін білікті басшының бойындағы қабілет-қарымы жақсы әкеден жұққан жайсаң мінезге байланысты деп топшыладық.

«Мен әкемді үлгі тұтамын. Себебі әке бала үшін ең жақын дос, бой түзеп, бағыт беретін ұстазы деп білем. Ол кісі адалдық пен әділдікті сүйді, бізге жақсы өнеге көрсетті», – дейді Жанайдар.

Жанайдардың анасы Еркін Ғайсақызы облыстық тұрмыстық-қажет комбинатының, «Южный УМНП», «Мангышлакнефть» мекемелерінде бас есепші қызметін атқарған.

Жары Әсем де өзі секілді өмірін осы салаға арнады. Бүгінде білдей компанияда білікті геолог.

«Жарыма құрметпен қараймын, қыздарым әрдайым әке жылулығын, әке қамқорлығын сезініп өссе деймін. Қос құлыншағымның болашақта өзгерістен қалыс қалмай, қай салада болмасын, үздік шығып, жетістікке жетуі үшін бар күш-жігерімді жұмсауға бармын», – деп сөзін аяқтаған Жанайдарға қарап көңілімдегі көп сөзді осылай қорытындылай салдым.

Біздің Маңғыстауда «кімнің баласы екен», «кімнің баласы десеңші!» деген сөз бар. «Жақсыдан жақсы тусашы, ата жолын қусашы» деген тілекші көңілдің аржағында үлкендердің жүрегінің түкпірінде адастырмас жолды, бұлтартпайтын мақсатты, ақыл мен кісілікті мұрат еткен ұрпақтың болғанын қалайтын жан қалауы тұрады-ау...

Ендеше Жанайдардың ұжымда беделді, өз қатарластары арасында оқ бойы озық болатыны тегіннен тегін емес екен.

Дереккөз: "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ баспасөз қызметі

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: