Главная Новости Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға қандай көмек көрсетіледі?
18 қаңтар 2021, 12:36 1106

Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға қандай көмек көрсетіледі?

Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға қандай көмек көрсетіледі?

Республикалық "Егемен Қазақстан" басылымында «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ұйымдастырған «Әрекет» гранттар байқауында жеңімпаз атанып, жүзеге асқан «Зергер сөз» жобасы туралы мақала жарық көрді

Жасөспірімдер мәселесі – қоғамда кең талқыға түсетін тақырыптардың бірі. Баланың тұлға ретінде қалыптасуында айналадағылардан келетін көмектің орны бөлек. Өмірден өзін іздеген жасөспірімнің жаман жолға түспей, дұрыс таңдау жасауы өте маңызды. Атыраулық «Атамұра» қоғамдық қоры осы бағытта жұмыс істейді.

2013 жылдан бастап жұмыс істейтін ұйымның жетекшісін жасөспірімдерге қолдау көрсету мәселесі қатты мазалайтын. Осы бағытта біраз жобалар жүзеге асырып үлгерген ұйым, біраз тәжірибе жинақтаған.

«Мен журналистика саласында жұмыс істедім. Соның арқасында күнделікті түрлі тағдырлар мен жағдайларды кезіктірдім. Сондағы түйген ойларымның бірі – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларының және жетім балалардың қабілеттіліктері мен білімге құштарлықтары үлкен. Өкінішке қарай, оларды одан әрі дамытуға көпшілігінің мүмкіндіктері жоқ. Өйткені, үйірмелерге қатысып, қосымша сабақтар алу үшін қаражат керек екені белгілі», – деп бөлісті қор басшысы Ағиба Қатешова.

Ағиба әлеуметтік осал топтардан шыққан және жетім балаларға арналған тегін білім беретін мектеп немесе орталық ашуды армандайтын. Арман оны адастырмады. Осылайша 2019 жылдың жазында «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ұйымдастырған «Әрекет» гранттар байқауына тап болды. Байқаудың бастапқы деңгейлерінен сәтті өтіп, финалистер тізіміне ілікті.

Байқауға ұсынылған «Зергер сөз» жобасының мақсаты - балаларға қосымша білім беретін орталық ашып, онда аталған санаттағы балаларды тегін оқыту. Осы арқылы жасөспірімдердің қызығушылықтарын қолдап, болашаққа деген сенімдерін арттыру болатын. Жоба өзінің өзектілігін дәлелдеп, 2 800 000 тг көлеміндегі грантқа ие болды.

Байқау аяқталысымен қор қызметкерлері өз істерін бастап кетті, орталық жұмыс жасайтын орын жалға алынып, мамандар оқудан өтті. Балалардың сапалы білім алуы үшін керекті құрал-жабдықтар сатып алынды. Атырау қаласында ашылған орталықта балалар келесі бағыттар бойынша білім алды: шешендік өнер, қазақ тілі, психо-эмоционалдық жағдайды жақсарту бойынша сабақтар. Жоба аясында облыстың 107 жасөспірімі көмекпен қамтылды.

«Балам ойын тез жеткіземін деп асығып сөйлейтін. Сондықтан ол көп сөздерді анық айта алмайтын, тыңдаушы оны дұрыс түсінбейтін. Орталыққа келгеннен кейін 1 айдың ішінде оның сөйлеу қабілеті жетілді. Ұстаздары Алиханмен көп жұмыс істеді. Қазір ол әрбір сөзін нық айтып, өзін сенімді ұстайды», – дейді жобаға қатысқан Алиханның анасы.

Жоба бастамашыларының айтуы бойынша қазақтілді ортада өскен балалардың көбі жасқаншақ әрі ұяң мінезді болып келеді. Ал «Зергер сөз» жобасының алдына қойған міндеті - осы балалардың жан-жағынан сескенбей, ашылып, өздеріне деген сенімділіктерін арттыруы. Жоба аясында жұмыс жасайтын орталық қазақ тілінде білім береді, мемлекеттік тілге деген қызығушылық орыс мектептерінің қатысушыларында да бар.

Сонымен қатар облыстың балалар үйлерінің қатысушыларына да жоба аясында қолдау көрсетілді. Атап айтқанда психо-эмоционалдық күйзелістің алдын алу бағытындағы жұмыстар өте нәтижелі болды. Психологиялық тренингтер, шеберлік сабақтары, кездесулер балаларға оң әсерін берді. Барлық сабақтарды кәсіби педагогтар мен жоғары категориялы психологтар жүргізді.

«Пандемия уақытында жұмысымыз біршама шектелді. Жоспарларымыз өзгерді. Дегенмен орталыққа келген қатысушылармен сапалы жұмыс жүргізілді. Балалар жеткен жетістіктер – біздің жетістігіміз», – дейді Ағиба Қатешова.

Жасөспірімдер Абайдың 175 жылдығына арналған челленджде белсенді қатысты. Аймақта ұйымдастырылған «Мен бақытты баламын» жас суретшілер байқауында да өздерінің таланттарын көрсетіп, жүлделі орындарды иемденді. Көркем сөз оқудан өткен жарыста  балалар өздерінің ана тілдерін толық меңгерген, жасқанбайтын, батыл екендіктерін көрсете білді.

«Атамұра» ұжымының айтуынша «Samruk-Kazyna Trust» Қоры жүзеге асыратын «Әрекет» жобасы оларға тек қаржылай көмек көрсеткен жоқ. Байқау аясында өткен оқудан әлеуметтік кәсіпкерге қажетті білімді игеруге мүмкіндік болды. Енді қатысушылардың әрқайсысында елдің әр аймағында жұмыс жасайтын пікірлес ұйымдары бар. Оларды мақсаты бір – әлеуметтік мәселелерді қолдан келгенше шешу.

Маржан Тілеубекова

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: