Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Ағымдағы жылдың 14 қаңтарында, яғни кеше "Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Алматы-2" бағытында қатынайтын №04 жолаушылар пойызы техникалық ақауға байланысты елордадан көп ұзамай, "Бабатай-Аршалы" аралығында кідіруге мәжбүр болды. "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ мен "Жолаушылар тасымалы" АҚ жолаушылардан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім өтіне отырып, шыдамдылық танытып, түсіністік білдіргендеріне алғыс білдіреді. Сондай-ақ техникалық апаттың алдын алған станция кезекшісінің қырағылы атап өтілуде.
Жолаушылар пойызы жүріп бара жатқанда "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ Қарағанды бөлімшесі Бабатай станциясының кезекшісі Қарлығаш Маусымбаева бөтен дыбыс естіп, сол кезде ол туралы радиобайланыс арқылы пойыз машинисіне хабарлайды. Пойыз сол мезетте жедел түрде тоқтатылады. Жылжымалы құрамды сыртынан тексеру кезінде вагонның доңғалақ жұптарының бірінен ақау анықталған.
Осылайша "Жолаушылар тасымалы" АҚ ақауды жөндеу кезінде вагон-мейрамханада жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырып, жол жүру құжаттарын (билет) қайтаруларына мүмкіндік жасағандарын айтады.
"Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Алматы-2" бағытында қатынайтын №04-ші пойыз Нұр-Сұлтан қаласынан 2020 жылдың 15 қаңтары сағат 03.19-да жөнелтілді", деп мәлімдейді Компания.
Ондағы жолаушылардың жалпы саны – 280 болған. 62-сі Нұр-Сұлтан-1 станциясында жол жүру құжаттарын кері қайтарған, ал қалған жолаушылар сол пойызбен сапарын жалғастырған.
Сынған пойызға Қарағанды станциясынан кесте бойынша 105 жолаушы отыруы тиіс болған. Салдарында 96 жолаушыны Қарағанды арқылы өтетін басқа пойыздарға бөліп отырғызуға тура келген, ал 9 жолаушы жол жүру құжаттарын (билеттерін) қайтаруды жөн санаған.
Тасымалдау ережесіне сәйкес жолаушылар әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3% мөлшерінде өтемақы немесе жол жүруден бас тартып, билет құның 100% қайтарып алуларына болады. Ол үшін жолаушы межелі станцияға келген соң кезекшіден пойыздың кешіккендігі туралы растау белгісін алуы керек және жол ақысын алу үшін "Жолаушылар тасымалы" АҚ кассасына жүгінуі тиіс.