Главная Новости Ақкетік арланының арманы
02 тамыз 2021, 11:40 1396

Ақкетік арланының арманы

Ақкетік арланының арманы

Маңғаз өлке Маңғыстаудың халқы ұл-қыздарының ұлттық өнердегі де, спорттағы да жетістіктерімен мақтана алады. Сондай жастың бірі – «Қаражанбасмұнай» АҚ-на қарасты «АрғымақТрансСервис» ЖШС шебері Жасұланбек Таңатов. Қазақ күресінен спорт шебері Жасұланбек биыл «Каспий көкжалы» сайысында күміс жүлдегер атанып, республикалық «Қазақстан барысында» бақ сынап қайтты.

Жасұланбек үшін жанына қымбат үш нәрсе бар. Олар – отбасы, кәсібі және студент кезден жанына серік боп келе жатқан спорт. Кейіпкеріміз туралы бұл жазба да осы үш құндылық жөнінде өрбігелі тұр.

Әлқисса, Жасұланбек 1987 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Бұл мекен – киелі өңір, кезінде атауы Ақ Кетік болған. Жасұланбектің кейін спортта жетістікке жеткен тұста «Ақкетік арланы» атануының сыры да осында жатыр. Бала кезден қатарынан шымыр да мығым денесімен ерекшеленген Жасұланбек спортпен студент шақта құлшына шұғылданды. Дзюдо, белбеу күресімен де айналысқанымен, жанына жақын тартқаны – қазақ күресі болды. Балуанға бабына келуге көп уақыт қажет болмады, аз уақыт ішінде небір аламанға қатысып, жүлдесіз қайтқан кезі жоқ.

«Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндіктен кей жарыстан қалып қоямыз. Оның үстіне коронавирус індетінің таралуына байланысты өткен жылдан бері көптеген шаралар өткізілмей қалғаны тағы бар. Дегенмен, бұйырған жарыстан бас тартпаймыз. Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық «Аймақтар аламаны» турнирінің күміс жүлдегері, Маңғыстау өңірінің бірнеше дүркін чемпионы атандым. Мұнайшылар спартакиадасындада талай мәрте жеңіс тұғырына көтерілдім», – деп әңгімеледі балуан.

Ал жақында қазақ күресінен Қазақстан кубогына қатысып, ақтық сынға дейін жеткен Жасұланбек қазақ күресінен спорт шебері атанды. Бұл да бір белес. Ал «Қазақстан барысына» қатысып, бұл деңгейдегі боз кілемде айқасқа түсу – Жасұланбектің біраздан бергі арманы болатын. Жарыс талабы бойынша, өңірлік іріктеу сынында алғашқы екі орын иесі ғана республикалық турнирге жолдама алады. Бұған дейін үздік үштікті тұйықтап, бағы жанбай жүрген Жасұланбек биыл қалайда бас турнирге бармақ боп ниеттеніп, жарысқа тыңғылықты дайындалды. Күн құрғатпай кешкілік жұмыстан соң спорт залын бетке алып отырды. Жалықпай жаттықты.

Алдымен қалалық турнирде үздік шықса, кейін өңірлік іріктеу сынында жерлес балуан Нұрдәулет Жарылғапов екеуі жүлделі орындарды бөлісіп, «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алды. Турнирге аттанарда спортшыны «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші вице-президенті Қуанышбай Нұрғалиев арнайы қабылдап, сәттілік тілеп шығарып салды.

«Айқас оңай болған жоқ. Әр өңірдің өз «сен тұр, мен атайын» балуандары жиналды. Көбі – спортпен кәсіби түрде айналысып жүрген балуандар. Мен секілді әуесқойлары сирек. Бұл жолы жүлде бұйырмады. Дегенмен, «Қазақстан барысына» қатысудың өзі мен үшін үлкен мәртебе болды», – дейді Жасұланбек.

Рас, біздің балуанның кәсібі басқа. Ол мұнай саласының қызметкері. Қаражанбас кен орнындағы «АрғымақТрансСервис» компаниясында абыройлы қызмет етіп келе жатқанына 15 жылға жуық уақыт болды. Алғашында жүргізуші болып жұмысқа орналасқан ол кейін аға механик дәрежесіне көтерілсе, 2017 жылдан бері шебер болып жұмыс атқарады. Жасұланбек – спортта ғана емес, қызметте де шебер!

«Өз ісім өзіме ұнайды. Оның үстіне компания басшылығының қызметкерлердің жеке дамуына, өзінің әуес істерімен айналысуына мүмкіндік жасап қойғаны көңілден шығады. Кен орнында жасақталып, жабдықталған кең де әдемі спорт залы бар. Мен секілді спортқа әуес жұмысшылар кешкілік осы залда бас қосады. Компания басшысы Шаттық Құлшықов менің әрбір жеңісіме өз жетістігіндей қуанады. Маңызды жарыстар кезінде жұмыстан босатып, ұжым болып тілеуімді тілейді», – дейді мұнайшы балуан.

Дегенмен, негізгі тілекшілер Жасұланның өз шаңырағында. Әрбір жарысқа аттанғанда үйде үш перзентімен бірге тақымын қысып отыратын жан жары бар. Үш перзенттің бірі – атұстар. Жасұланның «спорттағы жолымды жалғастырады» деген үміті осы. Әзірге кішкентай, бұғанасы бекісе, қабырғасы қатайса, спортқа баулуды Жасұланбек өз қолына алмақ. Олардан бөлек, балуанның әке-шешесі мен төрт бауыры да тілеулес. Әр жарыс сайын алаңдап, сәттілік пен жеңіс тілеп отырады.

Біздің балуан бапкерлеріне де дән риза. Алғашқы бапкері Қанат Жұмабаев бүгінде Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып қызмет етеді. Ал қазіргі жаттықтырушысы – білікті бапкер Кенжебай Елубай. Осы екі маманның баптауымен талай мәрте биіктен көрінген Жасұланбек болашақта өзі де өңірдің жас өрендерін баптағысы келеді. Талантты балалар көп-ақ. Балуанға асықтай ұлдарын көрсетіп, «осыдан өзіңдей мықты спортшы жаса» деп келетін ата-аналар да аз емес. Жасұланбек бұған қарсы емес, тек әзірге уақыт жағы мүмкіндік бермейді. Өзінің де әлі боз кілемде күресіп жүргені тағы бар. Бұйыртса, бірақ, бапкер атанатын күн де алыс емес. Бұл да – Жасұланбектің бір арманы...

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: