Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қысқы Олимпиада тұсында теміржолшылар шаңғы жарысынан бақ сынады. Байрақты бәсеке «Қазкөліккәсіп» мекемесінің 30 жылдығы және Қазақстан теміржолының құрылғанына 25 жыл толуына арналды.
Қысқы спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын сақтау – теміржолшылар үшін дәстүрлі шаралардың бірі. Оның ішінде қысы қарлы болатын Ақтөбе өңірінде шаңғы спортына ерекше көңіл бөлінеді. Табиғат аясында өткен шаңғы жарысы теміржолшыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Қызметтік формаларын спорттық киімге ауыстырған олар өздерін кәсіби спортшылардай сезінуге мүмкіндік алды.
«Аймақтағы барлық ұжымнан спорттың осы түрімен айналысатын теміржолшылар белсене қатысты. Жарыс жолына ерлер де, нәзік жандар да, ардагерлер де шықты. Барлығы да нағыз спортшылардан кем түспеді. Ең бастысы, жарақатсыз өтті», – дейді спорт нұсқаушысы Нұргүл Батырхан.
Жарыс кезінде, әсіресе жылдамдық пен шеберліктің озық үлгісін көрсеткен жастардың жарысы ерекше екпінмен өтті. Жастар арасындағы бәсекеде Вагон сервис мекемесінің қызметкері Азамат Асқаров 1-орынды еншілесе, Рустам Қосалов 3-орынды иеленді. Ал Жіңішке станциясынан Озат Оралтаев 2-орын алды.
Әйелдер арасында Жіңішке станциясынан Кенжегүл Құрманова мен ардагер теміржолшы Гүлнұр Ысқақова суырылып алға шығып, 1-орынды бөлісті. НЖС-11 қызметкері Алмагүл Ислямова екінші орын иеленді.
«Дені саудың – жаны сау. Осы ұстанымды ұстанамын. Жарыс тамаша өтті. Ауа райы да керемет болды. Теміржолшылар бір сергіп қалды», – дейді ардагер теміржолшы Гүлнұр Ысқақова.
Аймақтағы ардагер теміржолшылардың да белсенділігі жоғары болды. Белгіленген қашықтықты бағындарған қарт теміржолшылар арасында Әскерилендірілген теміржол күзетінің ардагері Сәндібек Қауменов 1-орын, Ардагерлер кеңесінің өкілі Жұмабай Отарғалиев 2-орын, Біржан Орынжан үшінші орынды иеленді.
Жарыс жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ардақ Ерубаева
Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»