Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Бүгінде өндіріс пен өнерді қатар ұстап, қос саланы қос қанатына айналдырған еңбек адамдары мұнайшылар арасында аз емес. «Өнер ығысады, ырыс жұғысады» демекші, мұнайшылық маңғыстаулықтар үшін ата кәсіп десек, өлең-сөздің киесі осы жұрттың тәлейіне жазылған баға жетпес мұра. Жастайынан өлең-жырға жақын болған Райымбек Түзеловтің есімі бүгінде мұнайшылар арасында ғана емес, берісі Маңғыстау өлкесінде, арысы республика көлеміндегі жыр мүшәйраларында таныла түскен.
Бүгінде ол «Еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау департаментіне» қарасты төтенше жағдай тобының Қаламқас кенорыны бойынша Азаматтық қорғаныс жөніндегі маман болып қызмет істейді. Әріптесіміздің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі аз емес. Атап айтқанда, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық айтыста бас жүлде, 2017 жылы «Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың» атты облыстық айтыста 2 орын, 2019 жылы «Мақатым-мақтанышым» атты Мақат ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған аймақтық айтыста 2 орын иеленді.
Сафи Өтебаевқа
Жан бітірген, тіл бітірген мұнайға,
Болмысыңды бір көрсетсін тіл айна.
Қарабаудан Қаратаудай іс қылып,
Шүкір еткен, зікір еткен Құдайға.
Қара алтынды өндіруді ғұрып қып,
Бойымызды сол байлықпен жылыттық.
Даласынан ел ырзығын табар ма?
Бабасынан байқалмаса ұлықтық.
Басқа туып Алла берген азат күн,
Озық ісі ұрпаққа үлгі озаттың.
Тәу еттірген мұнараны ұлтына,
Сафи атам саф алтыны қазақтың.
Құрма қылып, мерекеде, тамызда
Бұл күндер де айналады аңызға.
Мұнайымның атасына айналған,
Мәңгі тағзым, бұл ескерткіш абызға.
Қара алтынмен өткен өмір, жастығы,
Елім деген, білінбеген қастығы.
Бастықтардың ішіндегі адамы,
Адамдардың ішіндегі бастағы.
Сафи ата, біз ұлықтар хас маман,
Жерім үшін терін төгіп тастаған.
Аталардың батасымен көгерген,
Аманатқа адал бүгін жас маман!
Бір қайырымдар
Рамазан - бар айлардың ғажабы,
Ғажап айға ақын ұлдың ғазалы:
Ұстаған жан, қабыл болсын оразаң,
Әр күніңе Алла сауап жазады.
Тәубесі бар, зекеті бар елміз ғой,
Мешітінде айтылатын азаны.
Ниет еттім Жаратқанға жар бол деп,
Мұнай-газым қазағымның ажары.
Осы қазан - менің кәсіп, нәсібім,
Адам азса, жұмыс жоқтан азады.
Қаламқастай әулие апам жар болып,
Тарқамағай кен орнымның базары.
Байлық сыйлап жер ананың құрсағы,
Жасағанның түскен жер ғой назары.
Мұқым елдің бар тілегі дұғамда,
Бүтін болсын елдің ас-жер қазаны!
Ортаңда болмасам да ғұлама шын,
Сөз айтамын қалың Ел сұрағасын.
Біз Қазақ тəй-тəй басқан жас Елміз ғой,
Қатайтып үлгермеген бұғанасын.
Руымыз сан тарау болғанымен,
Рухымыз болсыншы, бір Алашым.
Қаймана Қазағымыз не көрмеген,
Тарихтың бетін ашсаң ұға аласың.
Кешегі мен бүгінді салыстырып,
Ағайын, жер мен көктей біл арасын.
Менің басты тілегім, енді ешқашан,
Аналар көздің жасын бұламасын.
Қазағым бірін-бірі бауыр көрсін,
Сəбилер шырыл қағып, жыламасын.
Билік пен Халық мəңгі тату болып,
Бейбіт күн басымызға тұраласын.
Төріңнен тəуелсіздік тұрақ тауып,
Көгіңнен көк байрағым құламасын.
Жыр толғау хисса дастан сананы ашқан,
Ақ бата ап шауып жүрміз нар Алаштан.
Арғы атам найза ұстаған батыр еді,
Жауының соры болған жағаласқан.
Кеңдігі көңілінің даласындай,
Ерлігі бабалардың дара дастан.
Аталар сыйлап кеткен азат күнді
Қадірле артық көріп қара бастан.
Көк байрақпен көгерсін көсегеміз
Зұлмат күндер болмасын қара басқан.
Шүкірлік қылғандарға береді Алла
Хансың ба қарасың ба қарамастан.
Бақытты екеніңді ұғынбасаң,
Бақытсыздық болмайды одан асқан
Әр сөзімнің бастауы Алла дермін.
Айтарына құлақ түр арлы әуеннің.
Исламға бас иген мұсылманмын
Дінді ұлықтап меккеден қағба көрдім.
Мен деген Керей менен Жәнібек боп
Тарихтың сара жолын салған елмін.
Ұлы жібек жолында ұлтымды ойлап
Сенделіп сауда қылған саудагермін.
Ақтабан шұбырынды кезінде де
Елім-айлап әніме салған елмін.
Қара балық аулап жеп қара судан
Аштықтан аман есен қалған елмін.
Бауыржан Әлия мен Мәншүк болып
Кеудесін оққа тосқан ардагермін.
Қазақтың қамы үшін жерді иіскелеп
Тылда да бір тынбаған шаруагермін.
Желтоқсанда Қайрат пен Ләззат болып
Мұз үстіне алау боп жанған елмін.
Нұрсұлтан боп қолыма көк ту алып
Тәуелсіздік таңыма тәубе дермін.
Білмейтіндер ендеше біліп алсын
Мен қазақпын тарихта заңғар елмін.
Бәрінен қазақтығын биік қойып
Тәңірден азаттығын алған елмін.