Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Біз әдетте өмірімізде энергетиканың қандай роль ойнайтыны туралы ойлана бермейміз. Өйткені, электр энергиясының үздіксіз болуы қалыпты нәрсеге айналып кеткені соншалық, онсыз өмірімізді елестете де алмаймыз. Электр энергетикасын қажет етпейтін экономиканың бірде-бір саласы жоқ. Ол – бүгінде тұрмыс-салтымыздың ажырамас бөлігі. Сөйте тұра, үйдегі телефон мен компьютерден бастап, алып зауыттар мен фабрикаларды да жұмыс істетіп тұрған құдіретті тоқтың қайдан келіп жатқанына ден қоймаймыз. Ал шын мәнінде оның артында энергиямен жабдықтаушы компаниялар мен онда қызмет ететін мыңдаған энергетиктің еңбегі жатыр.
Еліміздің ең ірі қаласы Алматы мен іргесі бір Алматы облысында электр энергиясын беру мен таратумен айналысатын ірі энергетикалық кәсіпорын – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ өңірлік электр желілік. Кәсіпорын «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобына кіреді. Қысымы 220/110/35/6- 10/0,4кВ Алматы энерготүйінінің негізгі бөлігіне иелік ететін ол республикадағы ең ірі электр желілік кәсіпорындардың бірі. Электр желілері Алматы облысында орналасқан, Балқаш көлі жағасынан Қырғызстан шекарасына дейін, сондай-ақ Жамбыл облысы шекарасынан Қытаймен шекараға дейін созылып жатыр. Жұмысының негізгі мақсаты – тұтынушыларды электр энергиясымен сенімді әрі үздіксіз қамтамасыз ету және өңірдің энергетикалық тұрақтылығын нығайту. Бұл ретте біз бүгін компанияның маңызды құрылымдарының бірі – Жедел-диспетчерлік басқармасының жұмысы туралы баяндаймыз.
ЖҰМЫС – ТӘУЛІГІНЕ 24 САҒАТ
Орталық диспетчерлік қызмет – «АЖК» Жедел-диспетчерлік басқармасының құрылымдық бөлімшесі. Оны, Ахмет Байтұрсынұлыша сөйлесек, компанияның көзі, құлағы һәм тілі деуге болады. Өйткені, Алматы қаласы мен Алматы облысы тұтынушыларын (аурухана, мектеп, балабақша, жылу желілері, су көздері, тұрмыстық тұтынушыларды) сенімді әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету Орталық диспетчерлік қызметтің жұмысына тәуелді. Диспетчерлердің міндеттері:
Кәсіпорынның қызмет аясына жататын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы электр желілері, сондай-ақ Алматы энерготүйініндегі өзге компаниялардың да электр қондырғыларының бәрі осы жерден басқарылады. Басты міндет – Алматы қаласы мен облысының электр станциялары мен желілерінің үйлесімді жұмыс істеуі. Бұл үшін, әрине, қалтқысыз бақылау болуы тиіс. Орталық диспетчерлік қызметке оперативті тұрғыда:
ИННОВАЦИЯЛАР
«Жедел-диспетчерлік басқармада жаңғырту жұмыстары мен заманауи инновациялық технологияларды өндіріске енгізуге ерекше мән беріледі. Орталық диспетчерлік қызметтің үш бейнеқабырғасының екеуі 2011 жылы орнатылса, үшіншісінің қолданылғанына алты жыл болды. Дәл осындай мнемощиттер аудандарда да орнатылған. Инвестициялық бағдарлама аясында компания барлық жергілікті диспетчерлік пунктті жаңғыртуды жоспарлап отыр. Оның ішінде Орталық диспетчерлік қызметтің бейнеқабырғасын әлдеқайда заманауи түріне ауыстыру жоспарланған», – деді ОДҚ басшысы Сергей Землянский.
Виедоқабырға дегені – ұжымдық пайдалану ақпаратын бейнелейтін ауқымды жүйе. Онда негізгі энергия нысандары, соның ішінде барлық коммутациялық аппараттар бейнеленген қосалқы станциялар – бәрібәрі түгел көрінеді.
Жыл сайын артып келе жатқан энергия тұтыну көлемі жаңа деңгейлі энергожүйелерін салу, сондай-ақ қолданыстағы шағын станцияларды техникалық қайта жарақтандыру қажеттілігін тудырып отыр. Сәйкесінше, заманауи энергонысанға қойылатын міндетті талап – ең жетік технологияны қолдану ғана емес, сонымен бірге SCADA автоматтандырылған басқару жүйесі де болуы тиіс. Диспетчердің жұмыс үстелінде орнатылған жүйе энергонысандардың сызбасын көрсетіп, олардың жұмыс режимі параметрлерінің ағымдағы мәндері туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл басқару ісін айтарлықтай жеделдетіп, апат кезінде диспетчерге жылдам әрекет етуге жағдай жасайды.
Қорыта келгенде, видеоқабырғаларды ауыстырудағы мақсат – әлбетте, әдемілік емес, SCADA технологиясы апатты анықтауда және жоюда жеделдік пен сенімділікті әлдеқайда арттырады.
Яғни, облыс не қала аудандарының бірінде желіде ақау болып, тұтынушыларды электрмен қамту тоқтаса, технологиялық ақаудың барлық жағдайы дереу орталықтағы видеоқабырғада көрініс береді. SCADA жүйесінен ақпарат алған диспетчер оқиға орнына жедел-көшпелі бригаданы жібереді не шағын станция кезекшісіне бұйрық береді. Мұндағы мақсат – апатты қалай тезірек жойып, тұтынушыларды электр энергиясымен қамтуды қалпына келтіруге болатынын анықтау.
Айта кетейік, Алматы қаласында 7 жергілікті диспетчерлік пункт болса, оның алтауы толықтай қайта құрылған. "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ Қазақстанда тұңғыш болып жергілікті диспетчерлік пункттерді жедел-ақпараттық кешен мен бейнепанель негізіндегі ұжымдық қолданыс жүйесімен жабдықтап қайта құру жобасын жүзеге асыруда.
«Алатау жарық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары және бас инженер Берік Сағындықовтың айтуынша, жоба ең алдымен электр тораптық кешенді басқару жүйесін үздіксіз жетілдіріп отыруға, сондай-ақ, тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге бұл жобаның аясында бұрын қағаз жүзінде сақталған барлық құжаттар электронды форматқа көшірілгенін атап өту де маңызды.
ЖОСПАР ЖӘНЕ МЕЖЕ
Орталық диспечтерлік қызметтің басшысы Сергей Землянский басқарманың алдағы жоспарларымен бірге шешілуі тиіс мәселеге де тоқталды. Оның айтуынша, шағын сатнциялардың коммутациялық аппараттарын (ажыратқыштар мен айырғыштар) қашықтан, диспетчердің жұмыс үстелінен-ақ басқаруға болады. Бұған техникалық мүмкіндік бар. Жолға уақыт және адам ресурстарын жұмсап қажеті жоқ. Алайда, елімізде заңнамалық базаның болмауына байланысты бұл мәселе әлі шешімін таппаған.
Жедел-диспетчерлік басқарманың жаңғырту бойынша жұмыстары көп. Дегенмен, оларды жүзеге асыруға елдегі эпидемиологиялық ахуал кедергі келтірген. Эпидемия демекші, Жедел-диспетчерлік басқармасы жаңаша жағдайда жұмыс істеуге тез бейімделіпті. Міндетті маска тағу талабынан бөлек, бригадалар бөлек-бөлек орналастырылған. Бұл олардың бір-бірімен тығыз байланыс жасауын шектеп, резерв ұстауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жұмыс процестері де барынша электронды түрге көшірілген.
Міне, қандай жағдайға да тез бейімделу онсыз да жедел қызмет жасайтын диспетчерлерге таңсық іс емес.