Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Алматы теміржол торабының негізгі көлік жолдарымен қиылысуы темір жол жүйесінің жұмысына кедергісін келтіреді. Бұл мәселені шешу үшін Алматы станциясын айналып өтетін ұзындығы 75 км айналма темір жолының құрылысы жүріп жатыр. Нәтижесінде айналма жол Алматы торабы жүктемесін 40% азайтып, жүктерді жеткізу уақытын қысқартады. Теміржол желісінің құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жобаны іске асыру Жетіген – Қазыбек жаңа теміржол тармағына қатынастардың барлық түрлерінде жүк тасымалдарын, оның ішінде Алматы-1 станциясы арқылы өтетін транзиттік жүк ағынын ауыстыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда жаңа жолға арналған жер төсемін төсеу бойынша жұмыстар 96% аяқталды. Машиналар мен механизмдерді қолдана отырып 6 миллион текше метрден астам топырақ төгілді.
Дайындалған жолға 30 км-ден астам рельстішпалды тор төселді. Жасанды құрылыстар салынуда. Жобада көзделген 19 көпірдің 17-сі орнатылды. 55 құбырдың 49-ын орнату аяқталды. Электр жабдықтарын монтаждау, орталық бұғаттау құралдарын орнату және т. б. бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Теміржол құрылысы іргелес салаларға үлкен мультипликативті әсер етеді. Жергілікті қамту үлесі 85% құрайды. ҚТЖ қазақстандық зауыттарынан 228 мың шпал мен 16 мың тонна рельс сатып алды.
Инертті материалдарды, құмды және қиыршық тасты жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асыруда. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын отандық мердігерлік ұйымдар орындап отыр.