Главная Новости Алматы енді газбен жылынады. 2-ЖЭО қалай газға көшіріледі?
02 қараша 2020, 12:53 1124 Нұрболат Аманжол

Алматы енді газбен жылынады. 2-ЖЭО қалай газға көшіріледі?

Алматы енді газбен жылынады. 2-ЖЭО қалай газға көшіріледі?

Таяуда «Самұрық-Энерго» АҚ өзінің Алматы қаласындағы барлық жылуэлектр орталықтарын газға көшіретінін хабарлады. Олардың жалпы саны үшеу: 1-ЖЭО 2017 жылдан бастап толығымен газ отынға көшірілсе, екіншісін газдандыру туралы шешімді ел Үкіметі биылғы 20-қазанда қабылдады. Ал 3-ЖЭО-н жаңғырту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қажетті корпоративтік рәсімдер басталды.

Бұл мақалада біз биыл ең көп талқыға түскен тақырып – Алматы 2-ЖЭО-н газға көшіру бойынша жобаның қашан және қалай жүзеге асатыны жайлы тереңірек баяндаймыз. Әлқисса, қоғамда бұл мәселенің көтерілгеніне бір емес, бірнеше жыл болды. Тіпті, 2017 жылы экологтар жылу-электр орталығын жаңғырту қажеттігін төтесінен қойғанда ғылыми-зерттеу институттары алғашқы есептеулерін жасай бастаған да еді. Ал 2019 жылғы 1 тамызда станцияны жаңғыртудың «жол картасы» бекітілді. Дегенмен, көпке созылған пікірталасқа нүкте қою 2020 жылдың еншісіне бұйырған екен.

ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕН ТӨРТ НҰСҚА

Алып Алматы шаһарында ірі жоба, жаңа бастамаларды қоғам талқысына салып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түру жақсы жолға қойылған. Дегемен, дәл осы 2-ЖЭО-н газға көшіру мәселесі секілді алматылықтардың қызу талқысына түскен тақырып көп болған емес. Бұл да жобаның қала үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтағандай.

Оффлайн басталып, түрлі онлайн платформаларда жалғасқан ашық пікірталастарға жалпы саны 20 мыңнан астам адам қатысты.

Талқыдағы төрт нұсқа төмендегілер:

  • станцияның қолданыстағы энергетикалық қазандық агрегаттарын жаңғырту арқылы газға көшіру;
  • газ тазарту жабдығын орната отырып, жұмыс істеп тұрған қазандықтарды қайта құру;
  • жылу-электр орталығын кеңейту;
  • газбен жұмыс істейтін жаңа станция салу.

2-ЖЭО «Алматы Электр Станциялары» АҚ меншігінде болса, оның жалғыз акционері «Самұрық-Энерго» АҚ бұл талқылауда барынша ашықтық қағидатын ұстанды. Өз үнімен үлес қосуға тырысқан эколог, экономист, энергетиктерге қоса, қаланың қарапайым тұрғындарының да талап-пікірі ескерілді. Сөйтіп, компания төрт жоба ішінде оңтайлы, экологиялық таза және техникалық тұрғыдан іске асыруға мүмкіндік беретін №1 нұсқаны ұсынды. Кейін бұл нұсқа Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында да мақұлданды. Экологияға зиян 5 есе қысқарады Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін ашық тендерде жеңіске жеткен «ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» АҚ әзірлеуде. Соған орай, мақаланы ғылыми-зерттеу институтының бас инженері Максим Васильевтің деректері мен түсіндірмелеріне сүйене отырып жалғаймыз. Бас инженердің айтуынша, жыл басында, нақтырақ айтсақ 15 ақпанда, қоғам өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте ұсынылған төрт жобаның екеуін газға, қалған екеуін көмірге негізделген жобалар деп бөліп қарауға болады. Ортақ нәрсе – олардың қай-қайсы да экологиялық тұрғыдан атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтар көлемін айтарлықтай мөлшерде азайтуға негізделген. Бірақ, жоба құны, жүзеге асыру мерзімі, қондырғылардың тозу деңгейі секілді өзге де экономикалық, технологиялық факторлардың да таңдауға әсер ететіні белгілі.

«ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» АҚ бас инженері Максим Васильев«ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» АҚ бас инженері Максим Васильев

«Экологиялық тұрғыдан қарағанда, газға негізделген жобалар басым артықшылықтарға ие. Олардың екеуі де (№1, 4 жобалар – автор) ауаға бөлінетін зиянды заттарды қазіргімен салыстырғанда 5 еседен артық мөлшерде азайтады. Айырмашылығы – түрлі технологиялар қолданылады. Соған сәйкес, жоба құны да әркелкі. Мәселен, бірінші жобаны (Үкімет мақұлдаған – автор) жүзеге асыру 98 млрд теңгені қажет етсе, жаңа станция салу шығыны – 274 млрд теңге. Ал жоба құны қымбат болған сайын ол тарифтің де өсуіне ықпал етеді. – дейді Максим Васильев. – Сондай-ақ, газдың артықшылығы – ол отын-транспорт цехінің технологиялық тізбегін де жеңілдетеді. Мәселен, көмірмен жұмыс жасайтын станция үшін көмірді тиеп-түсіру, майдалау, сақтау, тасымалдау сынды түрлі технологиялық процестермен байланысты көптеген қосалқы қондырғылар қажет. Станция газға көшкен кезде мұның бірде-бірі керек болмайды. Бұлардың орнына бар болғаны ЖЭО-н тәуелсіз көздерден екі газ құбырына жалғап, қос газ дайындау пунктін орнатып, 8 қазандыққа газ тарататын құбырлар салу қажет. Осылай технологиялық тізбекті жеңілдету нәтижесінде қызметкерлер саны 12%-ға қысқаруы мүмкін».

Таңдалған нұсқаның техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша, қайта құрылған қазандықтар жеңіл-желпі жөндеумен-ақ 40 жыл қалтқысыз қызмет етеді. Себеп – газ қондырғының тозуына өте төмен ықпал етеді.

МЕЖЕ – 2026 ЖЫЛДЫҢ БАСЫ

«ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» АҚ қазіргі таңда технологиялық-экономикалық негіздемені аяқтау үстінде. Жалпы, бұл жұмыс екі кезеңде жүзеге асты. Біріншісі биылғы сәуір айында орындалған болатын. Оның барысында әрбір нұсқа бойынша негізгі технологиялық шешімдер әзірленіп, алдын ала есептер жасалса, екінші кезеңде кешенді зерттеулер нәтижесінде жобалардың қорытынды бағалары нақтыланған. Ал қазір бірінші нұсқаның таңдалуына байланысты оның егжей-тегжей есептері жасалуда. Ғылыми-зерттеу институтының бас инженері Максим Васильевтің түсіндіруінше, станцияда барлығы 8 энергетикалық қазандық агрегат бар. Жылу беру маусымының қызған шағында олардың жетеуі қатар жұмыс істейтін болса, маусым аяқталған шақта үш қазандық қана үздіксіз жылу мен электр энергиясын өндіреді. Бәрін қатар істен шығарып, құрылыс жұмыстарын бастауға болмайтыны белгілі. Осыны және құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестесін ескере отырып, жобалаушылар қайта құру жұмыстарының аяқталуын 2025 жылдың аяғы – 2026 жылдың басына межелеп отыр.

Ал әзірге қоғамдық тыңдаулар нәтижесі бойынша техникалық-экономикалық негіздемеге түзетулер енгізіліп, кешенді мемлекеттік сараптама жасауға жолданады. Оның қорытындысы келер жылдың бірінші ширегінде шығуы тиіс. Қорытынды оң болса, жоба әзірленіп, ол да мемлекеттік сараптаудан өтеді. Тек содан кейін ғана Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат береді. Тиісінше, жобаны жүзеге асыру мерзімі жобаны әзірлеу мен одан кейінгі жұмыстардың басталу уақытына байланысты.

ҚАУІПСІЗДІККЕ КІМ КЕПІЛ?

«Қауіпсіздік – біздің жұмысымыздың ең маңызды аспектерінің бірі болғандықтан, техникалық-экономикалық негіздемеде 2-ЖЭО-ның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды қарастырдық. Таңдалған нұсқа бойынша орнатылатын жаңа қазандықтар толықтай автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталады. Яғни, газ автоматты түрде беріледі деген сөз. Тіпті, электр энергиясы өшкен жағдайда да қазандықтарға газдың берілуін сол сәтте тоқтататын механизм болады», – дейді «ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» АҚ бас инженері Максим Васильев.

Сондай-ақ, желдету жүйесі де қарастырылған. Газ беру жүйесіндегі ақауды анықтау толықтай автоматты түрде жүзеге асады.

Бұл ретте тарифтің өзгеруіне бірқатар факторлар ықпал ететінін түсіну қажет. Негізгілері – газ бағасы мен жылу-электр орталығынан жіберілетін жылу мен электр энергиясының көлемі.

Максим Васильевтің айтуынша, жылу өндіру қуаты жағынан газ Екібастұз көмірінен әлдеқайда қымбатырақ тұрады. Сәйкесінше, жылу-электр орталығы газға көшірілген жағдайда тариф құрылымындағы отын шығындарының үлесі артады. Тізбелей келгенде газдың бағасы тұтынушыларға арналған тарифке де әсер ететіні заңдылық. Жобалаушылардың болжамынша, ЖЭО-н жаңғырту аяқталған шақта жылу тарифінің өсімі 10-15 пайызды құрауы мүмкін.

ЭПИЛОГ НЕМЕСЕ АЛМАТЫ 3-ЖЭО ҚАШАН ГАЗДАНДЫРЫЛАДЫ?

Бұл сұраққа жауап беруге әлі ертелеу. Дегенмен, меншік иесі станцияны көмірден газға көшірудің мүмкіндігін 2019 жылы алдын-ала есептеп, талдау жасаған болатын. Биыл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу дайындығына кіріскен. Компанияның Инвестициялық-инновациялық кеңесі мен Басқармасы алдын ала зерттеу материалдарын қарап, талқылауда. Сонау 1962 жылы пайдалануға берілген жылу орталығының ресурсы сарқылып, тиімділігі төмендеген болатын. Газдандыру жобасы сәтті жүзеге асқан жағдайда оның қуаттылығы артып, экологиялық көрсеткіштері де жақсара түспек.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: