Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
М. Тынышпаев атындағы логистика және көлік академиясында V-ші Көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру бойынша еуразиялық форумы өтті. Іс-шара көлік саласындағы өзекті трендтерді, инновациялық шешімдерді және цифрландыруды талқылау үшін дәстүрлі алаңға айналды.
Қатысушылар қатарында Әзірбайжан, Ресей, Қырғызстан темір жол әкімшіліктерінің, ҚР Көлік министрлігінің, "KAZLOGISTICS" көлікшілер одағының, ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдарының өкілдері бар.
Форумда ҚТЖ Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Алдыбергенов желінің өткізу қабілетін арттыру бойынша жоспарлы жұмыс туралы айтып берді. ҚТЖ Достық – Мойынты учаскесінің екінші жолдарын салуда, Алматыны айналып өтетін Дарбаза - Мақтаарал желілерін салу бойынша жобаларды іске асыруда. Үш жыл ішінде 1000 км-ден астам теміржол салынады. Локомотив және вагон парктерін жаңарту жүргізілуде. 2029 жылға дейін шамамен 535 локомотив пен 11,7 мыңнан астам вагон жеткізу жоспарлануда. Баламалы энергия көздерінде заманауи локомотивтерді пайдалану мәселесі қарастырылуда. ҚТЖ әлемдік IT компанияларымен бірлесіп телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды іске асырып, пойыздар мен локомотивтердің қозғалысын басқаруды автоматтандыру үшін инновациялық технологияларды енгізуде.
"Инфрақұрылымды дамыту, жүк ағыны мен жылжымалы құрам санын арттыру пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етусіз мүмкін емес. Бұл мәселе теміржолшылар үшін ең маңызды болып қала береді. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне және теміржол көлігінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге әсер етуі мүмкін барлық факторларды ескеру қажет. Еуразиялық форум қозғалыс қауіпсіздігін басқаруға жүйелі көзқарас саласындағы мамандар тәжірибесімен және пікірлерімен алмасу алаңына айналды", - деп атап өтті Т.Алдыбергенов.
ҚТЖ қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры Марат Шәкенов "Пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің жай-күйін жақсарту жөніндегі жүйелі шаралар кешенін" іске асыру қорытындыларымен бөлісті. Қозғалыс қауіпсіздігін бұзушылықтарды талдау нәтижелері бойынша әзірленген кешен қозғалыс қауіпсіздігін басқару жүйесін жетілдіруге, инфрақұрылым, жылжымалы құрам құрылғыларының сенімділігін арттыруға және кадрлық әлеуетті жетілдіруге бағытталған. Оны іске асыру 2023 жылғы деңгейге қатысты бұзушылықтар санын 13% төмендетіп, "қозғалыс қауіпсіздігі" нысаналы көрсеткішін 11% жақсартты.
ҚТЖ-ның Бас көлік прокуратурасымен, ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментімен, уәкілетті органмен бірлескен жұмысы бөгде адамдардың, қараусыз жайылып жүрген малдың пойыз астына түсуін, өткелдердегі жол-көлік және жеке кірме жолдардағы рельтен шығу оқиғаларын азайтты.
Теміржол бойында мүліктің қауіпсіздігі мен сақталу деңгейін арттырудың жол картасы бойынша станциялар мен вокзалдарда 4 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, 300 астам локомотив бейнетіркегіштермен жарақтандырылып, вагон-мейрамханаларда бейнебақылау жүйесі орнатылды, мал қоршауының құрылысы жүргізілуде.
"Теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар" шеңберінде 753 шақырым жол, 1000 астам жүк және 355 жолаушылар вагоны жөнделді, 1,2 мыңнан астам шағын механикаландыру құралдары, локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондары сатып алынды.
Қауіпсіздік департаменті қозғалыс қауіпсіздігіне қатысты процестерді автоматтандырды. "Инфо-Орталық" Ақпараттық кешені енгізілді, ол пайдалану жұмысы, инфрақұрылым құрылғыларының жай-күйі және қозғалыс қауіпсіздігі туралы жедел хабардар етеді. "Қозғалыс қауіпсіздігінің тәуекелдерін талдау" автоматтандырылған жүйесі тәуекел факторларының алдын алу үшін көптеген көрсеткіштерді талдайды.
Қатысушылар Еуразиялық форум қозғалыс қауіпсіздігі мен цифрландыру саласындағы уақытты бағамдау құралына айналғанын атап өтті.