Главная Новости Америка Құрама Штаттарында ядролық реактор сеніп тапсырылған қазақ жасы кім?
09 қаңтар 2019, 10:23 4604

Америка Құрама Штаттарында ядролық реактор сеніп тапсырылған қазақ жасы кім?

Америка Құрама Штаттарында ядролық реактор сеніп тапсырылған қазақ жасы кім?

«Самұрық-Қазына» қорының Жастар кеңесіне жиналған талантты жастар қарасы қалың болды. Солардың арасында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ делегациясын бастап келген Әсет Махамбетовті ерекше атап өткен жөн.

Әсет бүгінде Ұлттық атом компаниясының орталық аппаратында ядролық отын циклы және атом энергетикасы жобаларын талдау басқармасына басшылық етеді. Бұған дейін Алматыдағы республикалық физика-математика мектебін бітірген соң Америка Құрама Штаттарындағы Пенсильвания мемлекеттік университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша ядролық инженер мамандығына оқып, қыр-сыры көп күрделі салада таным көкжиегін кеңейткен. Ал «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында жұмыс істеп жүргеніне 3 жылдан асты.

Осы орайда қазақ жастарына қатысты мақтаныш сезімін оятқан бір жайт, кейіпкеріміз елден жырақта білім алумен қатар, университет жанындағы зерттеу реакторында істеген. Ал бұл кез-келген студентке бұйыра бермейтін бақ. Себебі қатаң тәртіп пен қырағы қадағалаудағы стратегиялық нысанға арнайы рұқсат керек.

Сонымен, бастапқыда еңбек өтілін жинаушы ретінде жұмысқа кірген зерек жасты жергілікті басшылық тарапы ұнатып, белгілі бір дәрежеде білімді жетілдіру сатысынан өткеннен кейін операторлық қызметті ұсынған. Тиісті тренингті лайықты еңсеріп, барлық емтиханды сәтті тапсырған Әсетке АҚШ ядролық реттеу комиссиясы реактор операторы лицензиясын табыс еткен. Бір жылдық техникалық жұмыстардың  нәтижесінде ауысым жетекшісі немесе аға оператор лауазымына көтерілген Қазақстан өкіліне бұл қадамдар теория мен тәжірибені ұштастырудың тамаша мүмкіндігі болғаны анық.

«Рас, реакторды жобалық қуатына шығарғанда аталмыш үдерісті өз көзіңмен көру мен құрылғы мүмкіндіктеріне  куә болудың әсерін айтып жеткізу қиын. Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданудың өзіндік қызық тұстары баршылық. Жалпы, бұл жерде бүкіл әлемнің Қазақстанды бейбіт көшбасшы мәртебесінде танитыны қуантады», - деп әңгімелейді Әсет Махамбетов.    

Өзін елінің шынайы патриоты санайтын Ұлттық компания сарапшысы шетелде Қазақ мемлекетінің абыройына, отандастарының кескін-келбетіне дақ түсірмеуге тырысқанын еске алады. 

«Қазіргі сәтте Компаниямыз бойы тың идеяларға толы, жүрегі жаңалыққа құштар, белсенді жастарға үлкен сенім артып отыр. Сондықтан бізге жан-жақты қамқорлық жасалып, қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайы қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, жыл сайын өнертаптапқыштық ұсыныстар байқауы ұйымдастырылады. Онда кәсіпорындар қызметкерлерінің экономикалық-әлеуметтік тиімді ойлары іріктеліп, «Үздік жас өнертапқыш» аталымында жеңімпаздар анықталады. Мақсат – жастарды өндірісті өркендетуге ынталандыру», - дейді ядролық отын циклы және атом энергетикасы жобаларын талдау басқармасының басшысы.

Кейіпкеріміз атом энергетикасы қауіпсіз, экологиялық таза, үнемді қуат құралы екеніне сенімді. Елбасы қойған межеге орай, алдағы онжылдықта, Қазақстандағы электр энергиясын өндірудің 30%-дық үлесін баламалы қуат көздері еншілеуі тиіс. 

«Бүгінгі таңда Жер бетіндегі халық саны көбейіп, табиғи ресурстар азайған сайын атом энергиясына сұраныс арта түсуде. Тіпті Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь, Түркия және Бангладеш секілді мемлекеттер өздерінің алғашқы атом станцияларын салуға кірісті», - деген Әсет Жастар кеңесі еркін сипатта шымылдығын түріп, түрлі салалардағы жас мамандардың өзара емен-жарқын араласуына жол ашылғаны үшін алғысын білдірді.    

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: