Главная Новости Ана мен балаға үміт сыйлайтын орталық
26 маусым 2019, 13:47 2685

Ана мен балаға үміт сыйлайтын орталық

Ана мен балаға үміт сыйлайтын орталық

Таяуда «Қазақстан темір жолы» компаниясы өкілдерінің қатысуымен 4 жасар Қайсар деген бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, болашақ өміріне ақжол тіленді. Бұл баланың ерекшелігі сол, «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорындағы емдік оңалту шараларының арқасында алғашқы қадамдарын жасауда.

Ұлттық компания мамандары аталған орталыққа барғанда тамаша мейрамға қауышқан. Мұндағы балғындар да басқа қатарластары сияқты мәз-мейрам күйде ән шырқап, би билеуде, алаңсыз асыр салып ойнауда.

Ал олардың ата-аналарына оңай емес. Баласының денсаулығы жақсы болып кетсе екен уайымдайды, қоғам тарапынан кейбір түсініспеушіліктер көңілге кірбің келтіреді. Дегенмен басым бөлігі бойындағы өкпе-ренішті жеңіп, алға ұмтылады, жан-жағынан қолдау күтеді...

Сал ауруына шалдыққан баланың әрі қарайғы дамуы әрқилы өрбиді. Аяқкиім бауын байлап, түстерді айыра білудің, тамақ ішкенде қасық ұстай алудың өзі үлкен жетістік. Бұл дегеніңіз, ерен еңбек, күн мен түнді толассыз алмастырған зор күтім мен ерік-жігер.

Тек қана Нұр-Сұлтан қаласында «Қасиетті жол» мекемесінің психолог, невропатолог, дефектолог, логопед сияқты 35 қызметкері осы мәселеге айрықша қамқорлықпен ден қойып, үздіксіз тер төгуде.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ болса, «Біріккен көліктік-логистикалық компания» АҚ-мен бірлесе, теміржолшылардың балалары арасында церебральды сал және даун ауруларына ұшырағандарды сауықтыру жобасын қаржыландырып, оларды  тегін емдеуге ықпал етуде. 

Жоба аясында ҚТЖ бойынша барлық аймақтардағы теміржолшылардың аталған ауруларға шалдыққан балаларының тізімі жасалған. Алайда, олар өте көп болғандықтан, ішінен жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 13 бала тегін ем алуға таңдалған. Ұлттық компанияның Адами ресурстарды басқару департаментінің қызметкерлері осы тізімге іліккендердің құжаттарын, диагноздары туралы мәліметтерді, тағы да басқа қажет етіп сұралған анықтамаларды жинап,  осындай науқастарды сауықтырумен айналысатын «Қасиетті жол» оңалту орталығының Нұр-Сұлтан қаласындағы және елдің оңтүстігіндегі бөлімдеріне берген. Осылайша мұндай дертке қатысты толық ем алуға қаражаты жетпейтін және өз тұрғылықты жерінде ондай қызметтер көрсетілмейтін отбасылардың балалары аталған Қорда 3 апта барлық деңгейде емделуге мүмкіндік алғаны қуантады.

«Бүгінгі таңда оңалту шараларынан 4 теміржолшы баласы өтті. Қазір орталықта 3 бала сауықтырылуда. Теміржолшы отбасының бірқатар балалары, тұратын аймағына жақын орналасқан осы орталықтың Шымкент қаласындағы филиалына жіберілді. Мұнда қарап отырсаңыз, әр балаға жеке көңіл бөлінеді. Соның арқасында олардың денсаулықтары бұрынғыдан жақсара түсуде. Мәселен, бір бала осында келгенде аяқ киімінің бауын байлай алмайтын күйде болып, кетерде соны үйреніп шыққан. Кей балалар ешкімнің сүйемелдеуінсіз өзі 5-7 қадам жасауды, сол қолын еркін қимылдатуды, үлкендер көмегімен киімін киіп, шешуді, өз бетінше киімдерін жинауды үйренген. Мамандар әр баланың өзіне тән қиыншылықтарымен бөлек жұмыс істейді», – дейді департаменттің бас менеджері Ақмарал Байғабылова.

Аналар жағы балаларының денсаулығы сәл де болса жақсарып, оң өзгерістердің орын алғанына қуанып, «Қазақстан темір жолы» компаниясына алғыстарын жеткізуде. Мәселен, Арқалықта жолшы болып еңбек ететін Нұрлан Файзоллаұлының жұбайы орталыққа даун ауруына шалдыққан баласын әкеліпті. 

«Бұған дейінгі балаларым, одан кейінгілері де сау болып туды. Бүгінде 12 жасқа толып отырған осы ұлымды Арқалықта емдету өте қиын болды. Себебі мұнда көрсетіліп жатқан көптеген қызметтер ол жақта жоқ. Мында ата-аналарға да, балаларға да емінен бөлек жатуы, тамағы, бәрі тегін. Қазір массаждарын алып жатыр. Аяғын дұрыс баса алмайды. Сосын тіліне логопед ем жасауда. Ауылда тек тамағын береміз, невропотологтарға қаралып тұрамыз, болды. Олар тек дәрі жазып береді. Балама жүктілік кезінде тұмаумен ауырғанмын. Папасы теміржолда 25 жылдан бері жолшы болып жұмыс істеп келеді. Өзім үйдемін. Осы баланың жағдайын жасаймын. Біз сияқты науқас баласы бар отбасыларға көмектесіп жатқан Ұлттық компания басшылығына алғысым шексіз», – дейді Күлайша Сұлтанғалиқызы.   

«Қасиетті жол» қоры өз жұмысын 2011 жылы Астана қаласындағы Балалар үйінде еріктілер (волонтерлік қозғалыс) ретінде бастаған екен. Нәтижесінде, мейірімді жандардың көмегімен, ауыр дертпен ауыратын балалар шетелге емге жолданған.

Бұл оқиға Қорды бұдан да биік белестерге ынталандырып, оның үстіне ата-аналардан көптеп хат келіп, 2014 жылы алғаш рет нейро-ортопедиялық сырқаты бар балаларға арналған «Қасиетті жол» оңалту орталығы ашылған. 2017 жылы тағы екі орталық іске қосылған. Атап өтерлік жайт, орталықтың барлығы бюджет қаржысынсыз жұмыс істеп, оңалту шаралары, бала мен оның қасындағы ересек тұлғаның жүріп-тұруы мен тамақтануы толық төленуде. Қазіргі уақытқа дейін аз қамтылған отбасылар мен балалар үйлерінен 4 мыңға жуық бала жоғары білікті дәрігерлер жұмылып, ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар кәдеге жарайтын емдеу курсынан өткен.   

Өкінішке қарай, елімізде сал ауруына шалдыққан балалар саны қалың, 26 мыңнан асып жығылады. Осы орайда, Қор, аталған әлеуметтік мәселені бірлесе шешуге шақырады. Себебі, орын жетіспеушілігі салдарынан, науқас балғындардың тек 20 пайызына ғана оңалту іс-шаралары қолжетімді екен.

 

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: