Главная Новости Ар мен ұжданды сақтау үшін де мал керек (фото, видео)
14 наурыз 2019, 14:04 18627

Ар мен ұжданды сақтау үшін де мал керек (фото, видео)

Ар мен ұжданды сақтау үшін де мал керек (фото, видео)

Өмірдің мәні неде? Былай қарасаң, аш-жалаңаш жүрген ешкім жоқ сияқты, заман тыныш, аспан ашық... Не істеймін, қайда барамын десең де өз еркің, ешкім қолыңнан қақпайды. Соған қарамастан адамдардың бойында, әсіресе жастардың арасында бойкүйездік, өмірден ерте жалығуға ұқсайтын көріністер байқалатындай. Осы орайда бізге сұхбат берген ғалым, қазақ дүниетанымын зерттеп жүрген бизнес-дәріскер Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫНАН көкейімізде жүрген сұрақтарды қойып, жауабын білмекке тырысқан едік. «Адам бол, мал тап» дегенде ұлт болмысын аша түсу керек дейді ол. Қазақ халқының, өзінің шыққан тегінің сырын түсіне білген жан тұрмыста да кедей болмайды, руханиятта да сан соқпайды деп пайымдайды.

– Қош, биылғы «Жастар жылы» деп жарияланды, енді не істемек керек? Жалпы, көпшілікті мәңгілік мазалайтын сауал: Шын жетістікке жету жолы қандай?

– Адам баласы әу бастан «Не үшін жаратылдым, қайдан келдім?», «Бұл жалғанда не істеймін?» және «Қайда барамын?» деген үштаған сұраққа жауап таба алса, бақыттың дәмін тата алмақ. Дегенмен еріншектік пен немқұрайлық балалық шақтан дендеуі мүмкін. Ересектер де оған бас қатырып, еріншек болмауға, еңбекқорлыққа баулып жатпайды. Соған қарамастан, адамның ой-сана қалтарыстарында ақиқатқа құмарлық, ұмтылыс бұлқыныс ешқашан тоқтамайды. Алла Тағала жаратылыс қайнарында адамның санасына «білсем, көрсем, үйренсем» деген асыл сезімді салып қояды. Сол сұранысты қанағаттандыратын азықтың тым аздығынан еңсе түседі, жігер жасиды, ақыл иесі тез қажиды. Түбінде күйзеліске ұшырап, тығырыққа тіреледі. «Білім» демекші, отбасыдан тыс, мектеп пен университеттегі оқу жүйесі замандастарымыздың зәрулігін өтеуден қалып барады.

Білім-ғылымның ең үлкені – Жаратқанды тану, сол арқылы өзіңді тану. Сені шеберлікпен жаратқан Оны айналып өтіп табысқа кенелем деу ақымақтық. Құдырет иесін мойындаған жанға ашылатын жақсылық есігі көп. Себебі ақыретке дейін белгілі бір заңдылық орнаған әлемді қалай өзгертпексің?! Мәселен, біздің қазақ мейірімді, ізгі, көркем мінезді адамды Құдайға қараған екен дейді. Осы «Құдайға қараған» деген тіркестің өзінде үлкен мән-мағына жатыр.

– Бұл тұста ата-баба даналығына оралсақ, оны айнымас бағдар ретінде тұтынсақ анық айыпты болмаспыз...

– Иә, даусыз. Жоғарыда келтірдік, адамға таңдау еркіндігі берілген. Жарық дүние есігін ашқанда біреу «ішіп-жесем, ұйықтасам» десе, келесісі әр нәрсені басып, шұқылап, көрмек-білмекке, құпия сырын ұғынбаққа талпынады. Міне, жас адам уақыт өте келе екеуінің ара-жігін айыра алмай шатасып қиналады. Тән рахатын тойдыруды ғана көксеп, жанды ренжітумен болады. Кеселге шалдыққан соңғысы тәнді де оңдыртпайды. «Жаны саудың тәні сау» деп терең ұғынбағандықтан, түрлі психологиялық, жүйке дерттері көбейді. Осындай сансыз түйткілдерді реттеп отыратын қазақы танымнан қашқан, адасып қалған бүгінгі ұрпақ тамырынан солуда. Керемет ойшыл ғұламамыз Шәкәрімнің баяғыда нұсқаған дайын жандәруді қолданбаймыз. Шәкәрім атамыз:

«Шынды білмек болсаң егер, ең әуелі жанды біл.

Ең керекті үш сұрақпен, жан құлағын бұрап қой.

Келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам? 

«Мен» деген – жан, ақыл – айнам, Жоғала ма сол шын-ақ», – дейді.

– Өкінішке қарай, қазір құлқынның қамымен жүріп, бабаларымыздың өсиетін ұмыт қалдырамыз, елемейміз. Тіпті менсінбейміз...

Жұмыс істе, ерінбей еңбек ет, дүния табысты терістеме. Дұрыс, мал-қаржы жина, бірақ тек қалтамды қалыңдатсам деген сыңаржақтыққа ұрынба. Ешкім «Құдайдың несібесінен бас тарт» демейді. Бұлтартпас шындық сол, ұзаққа созылатын үйлесім үшін ақшаны жан тәрбиесін бағып, рухты жоғары бапта ұстап тұруға жұмсауға қажет екенін естен шығарма. Бұдан түйсінетініміз, бақыттың кілті тым қарапайым екен.

Тағы да Шәкәрімше толғасақ:

«Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,

Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи».

Малды тән емес, бірінші жан үшін жинауды үнемі ұмытып жүреді екенбіз ғой.

 - Тарихқа көз жүгіртсек, біздің халық талай нәубетті басынан кешіп, «Мың өліп, мың тірілгеніне» көз жеткіземіз. Сонда да аузы асқа тигеніне тоқмейілсіп кетпей, неліктен тіл үшін шырылдауын тоқтатпаған?

 - Халқымыздың бүкіл қоры, нәрі мен алары – «тіл» деген түсінікте. «Мал-жан аман ба?» деп амандасқан бұрынғылар. Өйткені мал физикалық тұрғыда жанды ыстық пен суықтан қорғайды, яғни гүлдей жайнауын қамтамасыз етеді. Ар мен ұжданды сақтау үшін де мал керек. Пұлың болмаса, сұранасың, біреуден бірдеңе дәметіп тіленесің. Ақыры абыройдан айырыласың. Әлді рух иесі болса, Құдайдың бұйрығына бағынса, жақсылық жасауға, салих амалдарды атқаруға асығады. «Жомарттың қолын жоқтық байламайды» демекші, тұрмыс-тіршілігін реттеп тастаған адам жан-жағына көмектесуге қауқарлы болады. Адамға жақпаған пенденің Жаратқанға жақындаймын деуі бос әурешілік.

Мәшһүр Жүсіп «Ақыл малда» дейді. Бір қарағанда құлаққа түрпідей тиеді. Алайда «Құрғақ қасық ауыз жыртады» деген де бар. Мал ақылды іске асыруға септеседі. Елге жаның ашып, пайдаңды тигізгің келеді. Туысыңа шұғыл ота жасау керек. Қалтаңда көк тиын болмаса, қалай қарекетке көшпексің?! Бұл, әсіресе ер-азаматтарға қатысты. Батыстың «Ақылды болсаң, неге кедейсің?» дегеннің түп-төркінін қазақ баяғыда осылай тігісін жатқызып қойған екен.

Бұл прагматикалық философияны жақсылап сіңірсек, екі дүниеде де бақытты болмақпыз. Бұл өмірде де тамаша, ана жақтың да сауабы тосып тұрады. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дейді қазақ атамның сүйіспеншілікке толы ұстанымында. Сүйіспеншілік болмаса, орнын зұлымдық басады. Жақындағы қабырғаны қайыстырған 5 балапанның өлімі осыны еске түсірді.

– Қай мағынада болсын, кедейліктен арылудың жолы тілдің шын болмысын игеруде ме сонда?

– Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабамыздың тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті» дейді Мәшһүр Жүсіп бабамыз. Тілді білу дегеніміз – оны шын түсіну. Қазіргі қан-сөлінен айырылған калька-көшірме емес. Өкініштісі, тілді шетке ысырып, 27 жыл экономиканы басты орынға қойып келгеніміздің салдары бүгінгі дағдарысқа әкеп отыр. 

«Быт определяет сознание» емес, «бытие определяет сознание», яғни сананы болмыс билейді. Шетел данышпаны дәл сипаттағандай, «Болмыс – бола білу, өмір сүру өнері». Біздегі миымыздағы сансыз нейронға қазақша ақпарат қана қонады екен. Әрине өзге ақпаратты қабылдаймыз, бірақ тек пен жүрек оны жолатпайды. Негізі бұған дейін жұрт айтпаған жаңалық пен сөз жоқ сірә?! Енді керегі, оны ұғыну.

 - Сөзге тоқтаған халық едік...

 – «Орнында бар оңалар» дегендей, қазақта басқа нәрсе қалмаса да, рухани байлығы санадан өшпеген.

«Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың, —

Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың...

Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!»

Тілдің қадірін кештетіп білгеннің өзінде, Мағжан Жұмабаев жырлағандай, Алтын орданың тікелей даңқты мирасқорының бейшара болуы мүмкін емес.

Кезінде жолаушы ауыл тұсынан өтіп бара жатқанда қарақұрым елден «Адам бар ма?» деп сұрайды екен. Мағынасы сөз ұстаған, араздасқан ағайынды татуластырған, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, жетімі мен жесірі жыламаған абызға, ақсақалға жолығу. Тілді нан табу деңгейінде кәдеге жарату мүлде басқа, болмыстық дәрежеде ұлықтау тіпті басқа әлем. Қазіргі проблемамымыз сол, сөз түсінбейміз, содан соң болмыс пен ондағы алапат әлеует ашылмай обалына қаламыз.

Сөздің түйіні, әркімнің Құдайдың алдында ақтауға тиіс міндеті бар. Басшы алдындағы ұжымына жауапты. Қызметкер өз ісінің білгірі болуға тиіс. Бай қайырлы болса, қоғам көркейеді. Ер адам бала-шағаны асырап, ел мүддесін күйттесе, әйел адам – отбасы ұйытқысы, берекесі. Бала – ұрпақ жалғасы.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ   

Омар Жәлелұлы өмірдің мәні жайлы
Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: