Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Ғұмырының бірнеше он жылдығын қара алтын өндіруге арнаған әр мұнайшының өмірі мен қызметі том тарихпен тең. Солардың арасында Қаражанбасқа осыдан 30 жылға жуық уақыт бұрын қадам басқан Әния Қарамұрзиева да бар.
Еңбек жолын мұнай өндіру цехында геолог болып бастаған Әния, іскерлігі мен жауапкершілігі арқасында мансап сатысымен жоғарылап, бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілді. Кен орнымен қатар орталық кеңсе жұмысын жақсы меңгерген ардагердің өндірістегі қиын да қызықты шағы әлі күнге дейін жадында жаттаулы.
«Кен орнына келген жылдары техника жетіспеушілігі болатын. Қазіргідей ұңғымаларға көлікпен баруға мүмкіндік жоқ еді. Сондықтан Қаражанбасты талай жаяу араладық. Қыстың қатты суығы, жаздың аптап ыстығы қанша қолайсыз болса да, алдымызда тұрған міндетті мінсіз орындауға барымызды салдық», – дейді ол.
Жер қабаттарына жасырынған мұнайды тауып, қор көлемін ұлғайту – геологтардың басты міндеті. Кейіпкеріміздің Қаражанбастағы мұнай өндіру коэффицентін арттырып, қара алтынды ел игілігіне ұсыну жолындағы еңбегі ерен. Сондай-ақ Әния компаниядағы еңбек еткен жылдар көптеген кәсіби мамандармен таныстырып, өмірлік достар сыйлағанын жасырмайды.
«Қаражанбастағы 30 жыл – өмірімнің ең жарқын кезі десем артық болмас. Қайнаған жұмыс арасында өмірдің талай соқпағын жүріп өттік. Маман ретінде шыңдалдық. Адам ретінде де жақсы ортамен араласып, рухани азық жинадық. Ұжымымды үнемі сағынып жүремін. Сол үшін Қаражанбасқа алғысым шексіз», – деді Әния Қарамұрзиева.
Қазір ардагер геолог еңбегінің зейнетін көріп, немерелерінің қылығын қызықтап, бар уақыты мен мейірімін отбасына арнап жүр. Ол компаниядағы жас буынның нәтижелі еңбегі арқасында Қаражанбастың әлі талай белестерді бағындыратынына кәміл сенеді.