Главная Новости Арыс - қайнаған құрылыс алаңы (фото, видео)
24 шілде 2019, 10:47 6247

Арыс - қайнаған құрылыс алаңы (фото, видео)

Арыс - қайнаған құрылыс алаңы (фото, видео)

Түркістан облысындағы Арыс қаласында орын алған ахуал барша отандастарымызды алаңдатып, қиындықта біріктіре түсті. SK News порталының тілшілер тобы арнайы барғанда «Орнында бар оңалар» деген даналықтың рас екендігіне көз жеткізіп, қызу құрылыс қарқынына куә болып келді.

 

Жергілікті ағайын сын сағатта қиындықты бірге көтерісіп, бөлісе білген, бүгінде қаланы одан сайын көріктендіріп жатқан елге алғысын жаудыруда. Қиындыққа тап болған отандастарымызға жомарт азаматтар демеу білдіруге асықты. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға қарасты қоржындық компаниялардың қызметкерлері біркүндік жалақыларын аударды. Сондай-ақ, Қор, Үкімет тапсырмасымен төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен әлеуметтік инфрақұрылымның 66 нысанын қалыпқа келтіруде.

Уақыт өте тапшы. Сондықтан іс-қимыл шапшаң. Олай дейтініміз, жөнделудегі ғимараттардың басым бөлігін құрайтын білім мекемелері (54) жаңа оқу жылы қарсаңында толық дайын болып, ұстаздар қауымы оқушыларды құшақ жая қарсы алуы тиіс. 8 денсаулық сақтау және 4 спорт нысаны да ерекше назарда ұсталып, қираған тұстары кеңінен әрі тәулік бойғы тәртіпте жылдам бүтінделуде.

Құрылысшылар қимылына дән риза

Екінші дүниежүзілік соғыс батыры И.Журба атындағы жалпы орта білім беретін мектеп жарылыс болған әскери бөлімге жақын орналасқандықтан, елеулі түрде зақымданған. Есік-терезелері мен шатыры ұшып, ішкі-сыртқы сылағы бірдей құлаған.

«Биыл 720 бала аяқтап шыққан мектебімізге, 24 маусымдағы жарылыстар толқынынан біраз зиян келді. Мультимедиялық залымыз, интерактивті тақталарымыз бүлінді. Алайда атап өтерлігі сол, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшылығы алғашқы күннен жағдайға қанығып, қазіргі уақытта кемінде 100 адам жөндеу жұмыстарына тартылған. Құрылысшылар дәрісхана қабырғаларының, есіктердің түстеріне дейін мектеп әкімшілігімен ақылдасып таңдауда. Бұл әрекеттеріне ризамыз», - дейді оқу ошағының директоры Әбдісаттар Жүнісов.  

Мектеп директоры, тіпті, Қор тарапынан мектептің сыртқы аумағын абаттандыру қолға алынғанын айтады. Мысалға снаряд түскен спорт алаңының орнына заманауи құрал-жабдықтар қойылып, бүлдіршін-жеткіншектер еркін жаттыға алмақ.

Әр тәрбиеші бес-алты баланы жетектей жүгірді

Арыс қаласы «Көктем» мөлтек ауданындағы «Алтын тұмар» бөбекжайының меңгерушісі Гауһар Уәлиханова дүрбелең толы күні қарамағындағы мамандардың бойындағы үрейді жеңе білгенін мақтанышпен еске алады.

«Ынтымағынан ажырамаған ұжымымыз балабақшаға келген 113 баланы түгел шашауын шығармай қауіпсіз жаққа апарып, ата-аналарына табыстады. Бірақ сөзбен оңай, әрқайсымыздың жетегімізде бес-алты бала. Аптап ыстықта жаяу жүгірдік. Жолда кездескен көлікке міндік. Барлығы дін-аман, дені сау. Бүгінде ел ағаларының қолдауымен балабақша күрделі жөндеуге ілікті. Бақылау да бұлжытылмас қатаң, қырағы. Ендігі тілек, бейбіт күнде тек бала күлкісін естиік», - дейді Гауһар Шыңалбайқызы құрылыс сапасына көңілі толатынын жеткізіп.

Бөбекжай қызметкерлері құрылыстың аяқталуын асыға тосып, бірден бала тәрбиесіне қайта кіріспек ниетте.

Орталық аурухана адам танымастай өзгеруде

Арыс аудандық орталық ауруханасының да толыққанды жаңарып жатқанын көрдік. Құрылыс фирмасының жауапты өкілі Ержігіт Райымбердиев: «Біз жұмысқа жергілікті жастарды тартуға тырыстық. Бірінші тамызға дейін үлгеруге күш салудамыз. Міндет пен меже сондай. Әр бөлме заманға сай лайықталып, емделушілердің ыңғайына бейімделуде. Оның ішінде екінші қабаттағы реанимация бөлімі төменге ауыстырылып, шұғыл ота жасауға икемдеу көзделген. Ескі емдеу орталығын жергілікті тұрғындарға мүлде жаңаша елбетте сыйлаймыз», - дейді.

Жан-жақты жөндеуден соң медициналық мекеменің науқастарға қолайлылығы артпақ. Ал, әзірге, емделушілер Ордабасы аудандық және Түркістан облыстық ауруханасына жолданған. Бұдан тыс, жылжымалы медицина кешендері әкелінген.

Теміржолшылар ерлігі

Арыс теміржолшылары өрттен тұтанған вагонды дер кезінде сөндіріп, жағдайдың ушықпауына қам жасаған. Сонымен бірге, станция ғимаратының жертөлесін эвакуациялық автобустарға мінгенге дейін теміржол еңбеккерлерімен қатар әйел-балалар паналаған.

«Таңертең жиналысқа келген уақытта бірінші түтін пайда болып, содан кейін жарылыстар басталды. Жұмысшыларды, көшедегі жұртты жертөледегі жарылыстан қорғанатын жерге түсірдік. Кей жарылыстың күштілігі сондай, жер астынан дүмпуі сезілді. Әріптестеріміз көз жасына ерік берген нәзік жандарды сабырға шақырды. Сол арада 32-ші жолда «вагон жанып жатыр» деген хабар жетті. Қасында цистернада бензин, газ сияқты қауіпті жүк болатын. Шамамыз келгенше өртті сөндіріп, маневрлік локомотивпен алшақ жерге алып шықтық», - дейді коммерциялық қарау қосынының жетекшісі Бағдат Назаров.

Сұхбаттасушымыз оқыс оқиға кезінде ең бастысы әке-шеше, бала-шағаның қаладан уақтылы кеткеніне шүкірлік деп, өздерінің жұмыс орнын еш тастамағанын тілге тиек етті.

***

Сонымен, бүгінде, алапат жарылыс зардабын жоюға барынша күш салынуда. Оның бір түрі, 2019 жылдың 1 маусымы бойынша тіркелген Арыс халқына жарылыстан өтемақы ретінде берілетін 100 мың теңге қала маңындағы Ақдала, Дермене ауылдары тұрғындарына да бұйырмақ.

Арыстық кәсіпкерлерге, «Қамқор» бағдарламасы арқылы, 1%-дық жеңілдетікпен 5 млн теңгеге дейін кепілсіз несие ұсынылып, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босатылмақ.

ҚР Қорғаныс министрлігі, жақын арада, қару-жарақтың басқа жаққа көшірілетінін мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға Арыс қаласындағы жарылыстарға қатысты кінәлі тұлғалардың барлығын жауапқа тартуды тапсырды.

 

 

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Суреттерді түсірген Қанат ЕРДӘУЛЕТОВ

Нұр-Сұлтан – Шымкент - Арыс

Арыста әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: